ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ПСИХОТЕРАПЕВТ
Түріктің көсемі Ататүрік бір күні психиатриялық аурухананың жұмысымен танысады. Қасына ертіп жүрген белгілі психотерапевт Мазхар Османнан: – Осман Бей, осы ақыл-естен айырылғанды қалай түсінуге болады? – деп сұрайды. – Шындығын айтқанда, Пашам, бұл ауру әр адамда кездеседі ғой, – деп жауап қатады дәрігер бірдеңені жасырып тұрғандай. – Оны қалай түсінеміз? – деп Ататүрік аң-таң болады. – Сонда менде де есуастық бар деп ойлайсыз ба? Осман Бей іркілмей: – О, Пашам! Басқа біреуге қарағанда, сізде ол мың есе артығымен бар ғой, – дейді жиналған жұртты есінен тандыра жаздап. – Сонда қалай? – Елдің ішінде де, сыртында да жыл он екі ай шайқас жүргізу ақылды адамның ісіне ұқсай ма, айтыңызшы, – депті сонда Осман Бей әзілдеп. Сол кезде Ататүрік дәрігердің сөз тапқанына риза болып, ішек-сілесі қатқанша күлген екен.ИТ ТІРЛІК
Абай атамыздың бірлік пен тірлік туралы толғап жазған алтыншы «Қара сөзіндегі» «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақыретке дұшпан болады» деген жолдарды оқып отырғанымда, есіме бір оқиға сап ете түскені. Бір кісі шығыстағы бір ойшылға жолығып: – Маған ақыл-кеңес берсеңіз? – дейді. – Қалай күн көріп жүрсің? – деп сұрапты сонда әлгі ойшыл. – Еңбек етіп күн көремін. Табыс тапсам, шүкіршілік етемін, таппасам сабыр қыламын. – Дұрыс-ақ. Бірақ көше жағалап жүрген иттер де солай тіршілік етеді емес пе? Олар да тапқанына шүкіршілік қылып, ештеңе таппаған күні шыдап бағады. – Онда айтыңызшы, адамның тірлігі қандай болу керек? – Адам баласы табыс тапса – береді, таппаса – шүкіршілік етеді. Берсең – табысың молаяды, кемелдене түсесің. Түсіне білсең, «беру» дегенің – тілеудің ең мәдениетті жолы. Ит пен адамның айырмашылығы осы! Абай атамыз айтқандай, «көкірегі, көңілі тірі болса» адамның ит секілді тіршілік етуі мүмкін емес.ҰЛЫЛАР МЕН ҰРЫЛАР
Ежелгі Неокесария – қазіргі Никсар. Түркі жұртының бір топ зиялылары бас қосқан қала. Сол жерде олардың халықаралық қоры марапаттау рәсімін өткізді. Біздің елімізден ардақты ақынымыз Рафаэль Ниязбек халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Анкарадан ат арытып, біз де бардық. Сыйлықты қордың басшысы, белгілі ақын, драматург Яхия Акенгин тапсырды. Ақын ағамыз өлең оқып, сөз сөйледі. Кешкісін қала әкімінің кең дастарқанында қонақтармен дәмдес болдық. Қала басшысы ақын ағамыздың қолын алып, құттықтады. – Рафаэль Бей, сіздің түрік тіліне аударылған өлеңдеріңізді оқып риза болдым. Өлеңдеріңіз рухты екен. Елдің қамын ойлайтын, болашағын толғайтын зор ақынсыз, – деді әкім ағаны әңгімеге тартып. Содан кейін: – Шешендер де сізді жоғары бағалаған екен ғой, – деп астарлы ойын жасырмай айтты. – Шешендер туралы жаздым ғой, – деді Рафаэль аға. – Бізде аталы сөз бар: «Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады» деген. – Иә, оныңыз рас! Сіздей ақынды қадірлеген Яхия Бейге ризамыз. Менің айтпағым, бөтен ел бізді мойындамайынша біз де мойындай қоймаймыз. Осы қасиет түркі халықтарына ортақ сияқты емес пе. – Е, қанымыз бір емес пе, бауырым. Сіздерде де ештен кеш жақсы деп, тіршілікке қанағат ету бар шығар, – деді ақын ағамыз езу тартып. Қонақтар «дұрыс айтасыз» дегендей бас изесіп, ағаның жауабына тәнті болды. Сол кезде әкімге қарама-қарсы отырған бір әйел: – Естуімше, сіздерде тәуіп көп екен. Ал біздің Анкарада тәуіп қалмаған сияқты, – деді әңгімені басқа арнаға бұрып. – Тәуіп бар ғой. Бірақ көп емес, – деп әкім оның сөзін түзеткен болды. Сол-ақ екен, әңгімеге қордың басшысы Яхия Бей араласа кетті де: – Қазір тәуіптің емі жүретін уақыт па екен, Нилюфер ханым? Сіз онсыз да елге емі қонатын, Тәңірге сөзі өтетін орталықтан келіп отырсыз ғой, – деді келіншекке әзілдеп. Содан кейін кейбір кісілердің өз сөзін онша ұға алмағанын аңғарып: – Е, сіздер әлгі әңгімені білмейді екенсіздер ғой, – деп қалды. Сөйтті де, оның мәнісін түсіндіру үшін мынадай бір әңгіме айтып берді. – Баяғыда бір байдың жалғыз баласы ауырып, өлім аузында төсек тартып жатқан екен. Байдың ем-дом іздеп бармаған елі, баспаған жері жоқ. Әбден күдер үзген шағында ауылдағы бір ақсақалға жолығады. Әлгі ақсақал: «Амал нешік, сумен ұшықтап, дұға етіп көрейік» дейді. Ел-жұрт жиналады. Құрбан шалынады. Садақа таратылады. Ақсақал алақанын жайып: «О, Жаратқан! О дүниеге көшіп кеткен кешегі ұлылардың емес, сөзі өтетін бүгінгі ұрылардың құрметіне ем бере гөр!» деп тілейді. Бәрі аң-таң. Мұндай да бата бола ма екен. «Болмағанда ше? Кімнің сөзі өтімді болса соның құрметіне тілеу керек қой» дейді әлгі шал. Әйтеуір, Құдайдың құдыретімен байдың баласы өлім аузынан аман қалады. Сол сияқты бүгінде ұлылардың емес, ұрылардың сөзі өтеді. Яхия Бейдің әзіл-шыны аралас әңгімесіне жұрт ду күлісті. – Ағамыз не айтса да жарасады ғой, – деп әкім де күлді. Рафаэль аға ақынның да, әкімнің де сөзіне риза болды.СӘУЛЕЛІ СӨЗ
Өмірден торығатын кездер болады. Небір сұмдықты көріп, жаның түршігеді, не күнделікті жаңалықтарды естіп, тыныштықтан айырыласың. Жағаң жайлау, төбең қыстау болатындай хал кешу қайда? Ақынның аза бойы қаза болса, әкімің де беймаза. Бай-бағланың да қалтасына ақша толған кедей сияқты. Қысқасы, апалаң-топалаң тіршілік. Осындай күй кешіп отырғанымда, қолыма Кітап алдым. Тілін түсінбесем де аудармасын, аудармасын ұқпасам да түсіндірмесін оқыдым. Көңілге сәуле түсірер сырлы сөз іздедім. Рухыма қанат бітірер насихат, күмәнімді сейілтер жауап сұрадым. – Өзімді жалғыз сезініп жүрмін, қайтемін? – дедім. – Сен жалғыз емессің, жалғыздық Оған ғана жарасады, – деді кітап. – Бірақ мен Одан едәуір алыстап кеттім емес пе? – Алыс болсаң да, Ол саған тым-тым жақын. – Ендеше, менің күнәм көп. Оған қай бетіммен қараймын? – Кінәлі екеніңді сезінсең, тәубеге келесің. Ол сені кешіреді. – Қамқор болған әкем де, шешем де жоқ, онда кімім бар? – Оның қамқорлығы шексіз, саған да, жақыныңа да жетеді. – Ендеше, бұдан кейін қайтемін, қалай күн көремін? – Оның шексіз рақымынан еш уақытта күдер үзбе! – Ал қиындықты ше, оны қалай еңсеремін? – Әрбір қиындықтан кейін міндетті түрде жеңілдік бар. – Төзімім таусылса қайтемін? – Ол сабырлық танытатындармен әманда бірге болады!ЭГОЛОГИЯ
Қайбір жылы Лондонда әлемнің түкпір-түкпірінен келген зиялылардың басқосуына қатысып едім. Адамзаттың тағдыры туралы толғанған жиын еді. Әр саланың өкілдері биік мінбеден әлемдік проблемаларды қозғап, одан шығар жолдарды ұсынып жатты. Қасымда отырған бір ғалым: – Біздің негізгі мәселеміз не екенін білесіз бе? – деп сұрады менен. Мен саясатты, экономиканы, экологияны айттым. Ол сөзімді мұқият тыңдады да: – Оныңыз рас, әрине, – деді келіскендей сыңай танытып. – Бірақ сіздің айтып отырғаныңыз бергі әңгіме. Экономика дегеніңіз, қалай болғанда да түзелер, экологияңыз қалпына келер, бірақ осы күнге дейін жөнге келмей жатқан негізгі бір-ақ мәселе бар, ол – «эгология». Әдетте біз «Эгоизм» дейміз ғой, менмендіктің дәл өзі. Тәкаппарлық та осыдан тарайды. Бәріне кедергі болып отырған осы. Қараңызшы, соның кесірінен адамзат қан жылап отыр, әділдіктен, адамгершіліктен айырылдық, азғындап, азып-тозып бара жатырмыз. Әдебиетіңіз, философияңыз жайына қалды. Түбі бір бәлекетке ұрынамыз деп қорқамын…ТҮПКІ МӘСЕЛЕ
Елімізден жұмыс таба алмай, Канадаға көшіп кеткен досым өмірде болған бір оқиғаны айтып берді. …Қалалық сотқа орналастым. Біз сияқты төрт тіл білетін маман жоқ екен ол жерде. Шетелден келгендердің істерін қарап, құжаттарын әзірлеп, сотқа тапсырамын. Кейде сот процесіне қатысамын. Әйтеуір, қызу жұмысқа кірісіп кеттім. Бір күні ұрлықпен ұсталған қария кісінің соты жүріп жатты. Бар кінәсі – нан ұрлаған. Қария қайтсін, кінәсін мойындады. Соттың: «Неге ұрладыңыз?» деген сұрағына: «Аш едім. Қалтамда бір тиын қалмады. Амалсыз ұрладым» деді. Сондағы соттың әділдігін қарашы. Былай деді: – Сіз ұрлық жасадым деп мойындап отырсыз. Мен сізге бес доллар көлемінде ақшалай өтемақы төлеуге үкім шығарамын. Ал бұл ақшаны қалай төлейсіз? Шамаңыз жоқ, оны білемін. Сол үшін сіздің орныңызға мен төлеймін. Біз аң-таңбыз. Сот қалтасынан ақшасын шығарып берді. Уәдесінде тұрды. Содан кейін орнынан түрегеліп: – Шындығында, бұған сіздер кінәлісіздер! Мына қарияға ақша жинап беріңіздер. Өйткені сіздер аштықтың кесірінен ұрлық жасауға мәжбүр болған қоғамда өмір сүріп отырсыздар. Бұған бәріміз жауаптымыз! – деді залдағыларға қарап. Отырған жұрт әлгі шалға лезде ақша жинап берді. Бұрын-соңды болмаған жағдай екен. Сөйтіп, сот: – Егер мәдениетті адамдар тұратын қалада осындай кедей кісілер кездесетін болса, онда сол қаланың басшылары елдің ақшасын талан-таражға салып отыр деген сөз. Бұны естен шығармаңыздар! – деп әділ сөзін айтты. *** Неге екенін білмеймін, сот туралы әңгімені тыңдай отырып, еліміздің сол кездегі әскери сотының төрағасы Сәкен Абдолланың телефоныма жазып жіберген хатын есіме алдым. Әншейінде лауазымды тұлғалардан хат келгені былай тұрсын, жылы сөз естімейтініміз жасырын емес. Көкіректе сәулесі, көңілде сенімі болмаса, қайтсін енді. Кітап оқуды былай қойғанда, кітапты жау санайтын әкім-қараны да көрдік қой. Ал бұл хаттың жөні бөлек еді. Сот төрағасының кітапқұмарлығына тәнті болдым. Әйтпесе, бұрын көрмеген адамым. Сот саласына қатысым да жоқ. Ол хатта былай деп жазылған: Құрметті Мәлік бауырым! Сіздің «Бір қайыры бар дүние» атты кітабыңыз жарық көріпті. Құтты болсын! Кітапқа енген кейбір дүниелеріңізді бұрын да қызыға оқығанмын. Ұлттық кітапханаға телефон соғып, кітапты сатып алайын десем, ондағылар архивте сақталатын нұсқалары ғана бар дейді. Кітап дүкенінде, өзіңіз білесіз, табу қиын. Шетелде жүрсеңіз де, өзіңізден сұрайын деп едім. Кітапты қайдан алуға болады? Сатып алайын. Жауабыңызды күтемін. Ізгі тілекпен, С.Абдолла. Сот төрағасынан келген хат осы. Кейін тағы хат жазыстық. Кітапты поштасына салып жібердім. Оқып, пікірін айтты. «Тағылымы мол екен. Бас алмай бір демде оқып шықтым» деді. Сіздей кітапқұмар азаматтар көп болсын. Бар болыңыз, сот мырза! Оқырман кітабыңды осылай іздеп, оқып, пікір айтып отырса, автор үшін бұдан асқан қуаныш бар ма? Әсіресе, ешкімнен қолдау көрмеген, кітабын шығара алмай жүрген қаламгерлер үшін қандай бақыт!ТАКСИШІ
Қыс мезгілі. Лондон. Түнгі уақыт. Таксиші әуежайдан күтіп алған жолаушыны отырғызып, қонақүйге қарай келе жатты. Артқы орындыққа жайғасқан жолаушы сөзге сараң еді. Тіс жарып, үн қатпады. Таксиші де оның мазасын алмайын деп, үндеген жоқ. Қалаға кіреберісте кенет жолаушы бірдеңе сұрамақ болып, таксишінің иығынан ақырын қағып қалып еді, терең ойға батып, көлігін баяу жүргізіп келе жатқан таксишінің есі шығып, рөлді оңды-солды бұрып, әрең дегенде өз жолына қайта түсті. Бекер түрткен екенмін деп өкінді жолаушы. – Кешірерсіз, бірдеңе сұрайын деп едім. Сіздің бүйтіп шошып қалатыныңызды білмеппін. – Қайта, сіз мені кешіріңіз, – деді таксиші тез есін жиып. – Кінә менен. Бүгін бірінші рет таксиші болып, жұмысқа шықтым. Бұдан бұрын отыз жыл бойы табыт тасып, катафалк жүргізгенмін. Енді, міне, зейнетке шығып, жан бағып отырмыз… Таксишінің сөзінен кейін жолаушы өзінің не сұрағысы келгенін ұмытып та қалды.ЕШКІМГЕ АЙТПА!
Шөл далада түйеге жүк артып, ұзақ сапарға шыққан бір кісі жол бойында «Су… Су беріңдер…» деп ыңырсып жатқан жас жігітті көреді де, түйесінен түсіп, торсығынан су ішкізеді. Шөлін қандырған жігіт қулық жасап, әлгі кісіні итеріп құлатады да, түйесіне мініп алып, қаша жөнеледі. Түйенің иесі: «Сақ бол, бауырым! Бұл жағдайды ешкімге айтпа!» деп айғайлайды соңынан. Жігіт ойланып қалады. «Не үшін олай деді екен? Үлкен кісі ғой, бекер айтпаған болар-ау?». Сөйтіп, әлгі кісінің сөзі жігітке маза бермейді. Сонсоң түйенің басын кері бұрып, иесіне қайта оралады. – Сен мені балағаттап, боқтаудың орнына, «Ешкімге айтпа!» деп, бірдеңені білгендей болдың ғой. Неге олай дедің? Біреуге айтсам не болады екен? – деп сұрайды әлгі кісіден. – Егер біреуге айтсаң, – дейді жолаушы кісі, – бұдан былай ешкім де шөлдеген кісіге су бермейді. «Мені тонап кетсе, қайтемін» деп, айналып өтеді. Осылайша, сен талай жақсылықтың жолын бекітіп, жамандық пен өлімге жол ашасың. Бұл сөздің мәнін ұққан жас жігіт жолаушыдан кешірім сұрап, түйесін қайтарады. «Бірдеңеге себепші болу оны жасағанмен бірдей» деп бекер айтпаған ғой.БІЗДІҢ ҚАЛАДАҒЫ ТІРШІЛІК
Біздің көше. Ұлт мақтанышының атымен аталатын көше. Сол көшенің бойында екі тілді жарнама. Орысшасы – таза, қазақшасы – шала. Біздің аялдама. Өңкей өзіміз: темекі тұтатқан ер адам, бала жетектеген әйел, телефон ұстаған қыз, бір-бірімен қалжыңдасқан жастар. Бірақ бәрі басқа тілде сөйлейді. Біздің кинотеатр. Көрсетілімде шетелдік фильмдер. Өз тілімізде сөйлеп жатқан кино жоқ. Өзіміздің режиссер түсірген бір ғана фильм бар екен. Рөлді сомдаған да қазақтар. Алайда тілдері – аралас, дүбәра. Біздің мейрамхана. Ас мәзірі келді. Екі тілде – орыс және француз. Даяшы – өзіміздің азамат. Бірақ ана тілін білмейді. Біздің кітап дүкеніміз. Жүздеген-мыңдаған кітап – орыс тілінде, онға жетер-жетпесі ғана – қазақ тілінде. Оқымайтын, жазбайтын, ойланбайтын ел сияқтымыз. Ұлтымыз оянбаған, жаңармаған, дамымаған сияқты боп көрінеді. Біздің телеарна. Ойын-күлкі, ән мен би. Орысша бұлбұлдай сайраған, ал қазақшаны ежелеп оқыған ақ жағалылар. Ана тілін менсінбеген бейбақтар. Кино. Сериал. Айтыс-тартыс. Сосын қайтадан ойын-күлкі, ән мен би. Біздің тұрмысымыз. Шетелдік бұйымдар. Өзге тілде сайраған заттар. Жат жұрттық киім-кешек. Жеген асымыз ғана, онда да… Біздің алқалы жиын. Өзге ұлт өкілдерімен өткен басқосу. Қазақ тілін жақсы білетін өрендер. Бек ырзамыз. Бірақ өз ағайынымыз разы емес. Бір тырнағымыздың астына кір тұрып қалған екен. Соны іздеп, тауып алған көрінеді…КІМ ЖАУАПТЫ?
Адамзат тарихында болған түрлі дерт пен індеттің қайдан шыққанын шығыс ойшылдары анық кесіп айтқан: «Елге жайылған індет, жер-жерге таралған дерт көпшіліктің қателігі мен адасқандығының нәтижесі». Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи сынды бабаларымыз, Абай сияқты даналарымыз әуелі өз-өздерін есепке тартқан. Өздерін жауапты сезінген. Қайта-қайта тәубеге келген. Жаратқаннан кешірім тілеген. Індеттен құтылу үшін таңды-таңға ұрып, мінәжат етіп, жалынып-жалбарынған. Осы тұста Мұса пайғамбар туралы әңгіме еске түседі. Құрғақшылық кезі. Пайғамбар қауымын жинайды. Тасаттық береді. Дұға оқиды. Бірақ жаңбыр жауар емес. – О, Құдай тағала! Жаңбыр тілеңдер деп едің… Бірақ жаңбыр жаумай қойды? – дейді. – Араларыңда адасқан, күнәһар біреу бар, – деген дауыс жетеді сонда. Күнәһардың кім екенін сұрағанда, әлгі дауыс: – Мен құлдарымның күнәларын паш етпеймін. Барлығы тәубеге келсін, сонда әлгі күнәһар құлым да тәубеге келетін болады, – деген екен.ЖЫЛАМАҒАН БАЛА
– Білесің ғой, «Жыламаған балаға емшек жоқ» деді бір мекеменің басшысы. – Өзіміз осы дәрежеге жылап жүріп жеттік қой. Біз солай тәрбиелендік. Енді сендер де жылауды үйреніңдер! – деп қалжыңдағандай болып, ащы шындықтың бетін ашты. – Жылап жүру, сұрай беру ұят емес пе? Қашанғы жылай береміз? Бұрын орыстан сұрадық, енді егемен ел болғанда өз-өзімізге жалынамыз ба? – деді бұл. – Жылаған ұят емес, қайта, жыламаған ұят! О заман мен бұ заман ештеңе өзгерген жоқ. Сол үшін жылай беру керек. Сен жылап, мына менің алдыма келмесең, саған ешуақытта ештеңе бұйырмайды. – Сонда менің алған білімім, жиған тәжірибем, бойымдағы талантым, барлығы жайына қала ма? Сіздің алдыңызға келмесем, сіз мүлде байқамайсыз ба? Таланты бар, талабы бар азаматтарды іздемейсіз бе? Қашанға дейін жылатып отырасыз? – Айналайын-ау, талантты болсаң – бір жерден көрінерсің. Талабың болса – жетерсің. Есікті қақпасаң, кім ашады? Сендей жыламайтын бала кімге керек? Әй, сен оны айтасың, анау ағаларың үлкен додаға түскенде, «ағайынның аты озсын» деп, жыл он екі ай, күндіз-түні бір-біріне телефон соғып, жоғары жаққа сұранып, жалынып, жылап сұрап алады ғой. – Талантқа есік қағып кірудің керегі бар ма? Ол үшін әрдайым есік ашық болу керек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген. Сонда таланты жоқтар жылап сұраса қолдайсыздар да, жыламаған таланттыларды қолдамайсыздар ма?! Бұл не қылған түсінік, не қылған жүйе?! Талай таланттыларымыз сіздердің кесірлеріңізден құрып кеткен жоқ па? Обалсынбайсыздар ма? Елдігіміз қайда? Бірлігіміз, жарқын болашағымыз қайда? – Саясатты түсінбесең, басыңды қатырмай-ақ қой, шырағым. «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген аталы сөзге қарсы екенсің. Бұл түріңмен сен өспейсің. Өзіңмен-өзің жетім құсап қала бересің. Қазір тоқшылық заман. Сенің анау-мынау деп айтқаныңның – көк тиындық құны жоқ, – деп мекеме басшысы ашуға булығып сөйледі. – Ол сөзді аталарымыз емес, сіздің замандастарыңыз шығарған. Өмір бойы жылап өткен, жылап жүріп өскен адамның сөзі. Өзінен кейінгілердің барлығын жылатып жүрген сіздерге жаным ашиды. Өйткені сіздің өміріңіз – мына қызметтегі жылдарыңыз. Осымен доғарайық. Қош! – деді бұл.ЗИЯЛЫ КӨРШІ
Бүгінгі жаңалықтардан Зәкия Рахшан Арал қайтыс болды дегенді оқып қалдым. Иманы салауат болсын! Анкарада ол кісімен көрші болып едік. Өзі суретші әрі суреткер еді. «Пүлүмердегі махаббат» атты романның авторы. Қоғам және мемлекет қайраткері, ақын әрі аудармашы, қалың ел «Қара бала» деп атап кеткен Бүлент Ежевиттің зайыбы болатын. Мамыр айы еді. Есік алдындағы жиде ағашы гүлдеген. Жұпар иісі бала кезді еске түсіреді. Жиделері піскен бұтақты сындырып алып жеуші едік-ау… Енді, міне, жиденің иісіне рақаттанып тұрмын. Қарасам, көрші Рахшан әже сіңлісімен бірге үйінен шығып, көшенің шетінде тұрған қызыл түсті ескі көлікке қарай беттеп барады. Мен қастарына жақындап, сәлем бердім. Қартайса да бойын тік ұстайтын аққұба өңді әже менің қайдан келгенімді, кім екенімді, қайда қызмет істейтінімді сұрады. Сіңлісі: «Біздің бауырымыз екен ғой» деді. – Түрік тілін өте жақсы меңгеріпсің. Сені тыңдаған адам түрік екен ғой деп қалады, – деді әже езу тартып. Мен лицейде оқып үйренгенімді, кейін университетте жалғастырғанымды және түрік тілінде шамам келгенше көркем шығарма жазатынымды айттым. – Е, әлгі біздің атышулы зиялымыздың идеясымен ашылған мектепте оқыдым десеңші. Бәрекелді! Ол кісі кезінде біздің үйде қонақ болған. Орталық Азияда мектептер ашылды дегенде, күйеуім марқұм Бүлент Бей: «Рахшан! Кел, тыңда, біздің бауырлас елдерде де мектеп ашылған екен» деп қуанып еді. Күйеуім ол кісіні құрметтейтін, кітабын оқитын. Расында, түркі әлеміне ғана емес, күллі әлемге еңбегі сіңген кісі ғой. Міне, нәтижесін қара! Сәлем бергеніңе көп рақмет! Бар бол, аман бол балам! – деп әже көлікке мінді. Сіңлісі көлікті оталдырып, бірден жүріп кетті. Мен қол бұлғап тұрдым. Сол кезде қасыма тағы бір көрші келді. Менімен амандасып: – Заман-ай! «Қара бала» премьер-министр болған кезде ішкі мәдениет, жан тазалығы дегенді білуші едік. Кипрді де осы кісі алып қалды. Әйтпесе, гректерге түгелімен кетіп қалар еді. Рахшан ханым да өте мәдениетті кісі. Өнегелі отбасы ғой, – деді. Мен олар мінген көліктің ескі екендігіне таңғалдым. Оны көршім айтып берді: – Бұл біздің «Тофаш» қой. 1988 жылы өндірістен алғаш шыққанда «Қара балаға» сыйлаған. Басқа көлікке мінген емес, тек осыны жүргізіп жүрді. Қазір де, көрдің бе, зайыбы мініп жүр. Айтып отырмын ғой, осындай таза, адал кісілер қазір жер бетінде жоқ. Тұрғыт Өзал, Сулейман Демирел, Бүлент Ежевит – бәрі бір-бір дәуір, аңыз болып қалды ғой. Үйінен көп шыға бермейтін Рахшан әжемен соңғы рет кітап көрмесінде кездестім. Естелік жазып, оқырманға қолтаңба қойып беріп отырған. Бірақ ол кезде сөйлесе алмадық. Оқырмандары мұрша бермеді.ҰСТАЗДЫҢ ЖОЛЫ
Білетіндер ол кісіні Салық деп атайтын. Білімдар, тәлімгер, табиғатына сай кішіпейіл мектеп мұғалімі еді. Ширек ғасырда еліміздің бірталай жерінде қызмет етті. Өзі сияқты Отанын, елін сүйетін бірталай шәкірт тәрбиеледі. Кейде «Ататүріктің елінен Мағжанның туған жеріне келдік» деп әзілдейтін. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитын. Біздің тілде мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін. Біреудің ала жібін аттағанын көрген емеспіз. Қайта жүрген жерінде сәулелі сөз айтып, шуақ шашатын. Оны танитындар үнемі есіне алып отырады. Жақсылығын көргендер күні бүгінге дейін алғыстарын айтады. Бір күні Салықтың туған елінде, Дулат Бабатайұлының сөзімен айтқанда, «судай сапырып, белшесінен батырып, шілдеде мұзды қатырған, толыны төгіп шайқаған ылаңға тізгін беріледі». Сол кезде ол да, өзі сияқты оның достары да оттың ішінде қалады. Ол, тұқымы құрғыр ылаң, індет болып бүкіл әлемге жайылады. Бізге де әсер етпей қоймайды, әрине. Отанына оралайын десе, отқа күйеді. Бізде қалайын десе, дос болып жүргендер оған қабағын түйіп, салқын қарап, жақтырмай қалады. Сөйтіп жүргенде, ол бала-шағасын осында тастап, батыс жақты көріп қайтайын деп, ұшып кетеді. Абырой болғанда, Гетенің туған елі босқындар қатарында оны да қабылдайды. Бала-шағасын ала кетейін деп қайтып келгенде, әуежайдың табалдырығынан аттай алмайды. Кіргізбей қояды. Амал нешік, ұстаздың жолы осы болса керек деп, алдында келісілген босқындар лагеріне орналасады. Уақыт өте келе бала-шағасын шақыртып алады. Неміс тілін үйрене бастайды. Сол елдің азаматтығына құжат тапсырады. Содан бір күні азаматтықты тапсыру бойынша комиссия жиналып, Салықты шақыртады. Өзін тыңдап, жағдайымен танысып болған соң, комиссия төрағасы оған бүй дейді: – Басыңызды көтеріңіз, еңсеңізді түсірмеңіз! Сіз шетелде білім алып, ғылыми дәрежеге ие болып, білім саласына ширек ғасырдай уақыт жұмсап, жүздеген шәкірт тәрбиеледіңіз. Туған жеріңіз сізге – қас, ендеше, біз сізге – доспыз. Сіздей тұлғаны алақанға салып, қадірлеуіміз керек. Басқа елмен шаруамыз жоқ, бірақ сіз бізге керексіз. Біздің қоғамға пайдаңыз тисе, біз сізді үнемі қолдаймыз. Азаматтық береміз, уайымдамаңыз. Сізге арнайы үй бөлеміз, қаржылай көмегімізді де көрсетеміз. Гетенің еліне қош келдіңіз! Салық өзі ұстаз емес пе, Наурыз мерекесімен құттықтап хабарласқанда, «егерде Атажұртқа бармағанымда, жат жұрттан осындай жақсылық көрер ме едім» деді. Кейін көзіне жас алып: – Бәрінен бұрын шәкірттерімді сағындым. Бізді қолдап жүрген ағайлар мен апайларды сағындым. Әрине, әке-шешеміздің орны бөлек қой. Бірақ жастық шағым Атажұртта өтті. Сол жерде жүріп шаңырақ көтердім. Қонақжайлықты, кеңдікті, ізгілікті сіздерден үйрендім. Менің халімді сіздер сұрап тұрасыздар. Сол үшін мен де Алла Тағаладан сіздердің амандықтарыңызды тілеймін, – деп еді. Осындай жаны таза, рухы биік Салық сияқты ағайын-бауырларды, әрине, біз де сағындық. Қайда жүрсеңіздер де, аман болыңыздар! Отарбаев Мәлік Ана тілі газеті