Қазақстан болашақ атом электр станцияларын салуға қажет қорды қалыптастыру үшін уран кен орындарының бір бөлігін резервке қалдырады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде уранның мемлекеттік стратегиялық резервінің көпдеңгейлі жүйесі құрылады. Бұл қор тек Қазақстанның өз қажетіне жұмсалады.
«Кейбір кен орындары жақын арада игерілмейді де, өндіріске қосылмайды. Дайын уран өнімінің бір бөлігін қоймаға жинаймыз. Әр станса үшін жылу бөлетін құрастырулар қоры жасалады, ол кейін олардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді», — деді Алмасадам Сәтқалиев Анталияда өткен «Мировые атомные дни – 2026» форумында.
17 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға дейінгі Қазақстанның атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай елде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуі тиіс.
8 тамыз 2025 жылы Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталды. Нысан Нововоронеж атом электр станциясының №6 энергоблогы жобасы бойынша салынады. Құрылысты «Росатом» басқаратын халықаралық консорциум жүзеге асырады.
Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев екінші атом электр станциясын Балқаш маңына орналастыру жоспарланып отырғанын, оның жұмыс атауы «Мойынқұм» болатынын айтқан еді. Үкіметаралық келісімді 2027 жылдың соңына дейін қол қою жоспарланған. Үшінші станса үшін бірнеше алаң, соның ішінде елдің солтүстігі де қарастырылып жатыр.