weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Алматы облысында 18 мың тонна қоқыс шығарылды

Алматы облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 31 жалпы өңірлік сенбілік өткізіліп, 18 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Бұл туралы Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасына сілтеме жасап Newsroom.kz хабарлайды.

Алматы облысында 18 мың тонна қоқыс шығарылды
Фото: жасанды интеллект

Басқарманың мәліметінше, сенбіліктерге 729,6 мың адам қатысып, санитариялық тазалау жұмыстарына 4,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде облыс аумағындағы 10 мың гектар жер тазартылған.

Алайда өңірде қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті. Алматы облысында жыл сайын шамамен 630 мың тонна коммуналдық қалдық жиналады. Қазіргі таңда халықтың қоқыс жинау және шығару қызметтерімен қамтылу деңгейі 87 пайызды құрайды. Яғни тұрғындардың шамамен 13 пайызы бұл қызметпен толық қамтылмаған.

2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында облыста 472 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілген. Оның 152,2 мың тоннасы ғана қайта өңделген. Бұл — 32 пайыз. Демек, түзілген қалдықтардың шамамен 68 пайызы қайта өңдеуге жіберілмеген.

Салыстырмалы түрде, 2025 жылы 609,5 мың тонна қалдық жиналып, оның 184,1 мың тоннасы немесе 30,2 пайызы қайта өңделген. Осылайша қайта өңдеу үлесі артқанымен, қалдықтардың басым бөлігі әлі де қайта өңдеуден тыс қалып отыр.

Өңірде қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму мәселесін шешу үшін 6 полигон мен 144 уақытша қалдық жинау орны жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласында жалпы құны 144,2 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Еңбекшіқазақ ауданында «Гуандун Сучунь» компаниясы 3 млрд теңгеге қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салып жатыр. Нысанды 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қоқыс орындары бойынша да мәселе бар. «Қазақстан Ғарыш Сапары» деректеріне сәйкес, жыл басынан бері ғарыштық мониторинг арқылы Алматы облысында 86 заңсыз қоқыс алаңы анықталған. Басқарма олардың барлығы жойылғанын хабарлады. 2025 жылы анықталған тағы 145 рұқсатсыз қоқыс орны да толық жойылған.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл 30 іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 21-і орындалған, қалған 9 іс-шара белгіленген мерзімде өткізілуі тиіс. Өңірде көгалдандыру жұмыстары да жүргізілуде. 2026–2030 жылдарға арналған жоспар бойынша жыл сайын 220 мың, бес жыл ішінде жалпы 1,1 млн ағаш отырғызу көзделген. 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 104 мың көшет егілген.


 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер