Депутаттың пікірінше, дәрігер мәртебесі тек әлеуметтік мәселе емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты бағыт. Ол медициналық кадрлардың жетіспеушілігі жағдайында мамандарды даярлау ғана емес, жүйеде жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді ұстап қалу маңызды екенін атап өтті.
Медеуова медицина қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін олардың біліктілігіне қарай икемді етуді ұсынды. Сонымен қатар дәрігерлерді кәсібіне қатысы жоқ артық бюрократиялық міндеттерден босату қажеттігін айтты.
«Дәрігер» атауын заңмен қорғау ұсынылды
Депутат «дәрігер» атауы заңмен қорғалуы керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы тиіс.
Сондай-ақ депутат кадр тапшылығына объективті баға беріп, жаңа мамандарды тартумен қатар қазіргі дәрігерлердің салада қалуына жағдай жасау қажет екенін айтты.
Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда медицина қызметкерлерінің жедел әрі дербес әрекет ету мүмкіндігі де заңмен нақты реттелуі керек.
Арнайы заң жобасын әзірлеу ұсынылды
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Дана Медеуова «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық ететінін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет. Сондықтан медицина мамандарының еңбегін лайықты бағалап, олардың төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау маңызды.
«Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге де болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды», – деді депутат.