Ауқымды шарада ҚМДБ-ның рухани-ағартушылық, қайырымдылық, ақпараттық, баспа, қажылық, халал индустриясы, уақып, цифрландыру және әлеуметтік бағыттардағы қызметі таныстырылады. Сонымен қатар жаңа жобалар мен бастамалар көпшілік назарына ұсынылады.
Көрмеге ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы, «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Мүфтият» баспасы, «Мұнара» телеарнасы, «Тауаф Тревел» қажылық компаниясы, «Иман» журналы, «Мұнара» газеті, «Уақып» қоры, «Қамқор-Шарапат» орталығы, «Дархан Дала» жобасы және басқа да мекемелер қатысады.
Көрменің маңызды бағыттарының бірі – цифрландыру және заманауи технологиялар. Келушілер ҚМДБ қызметіне енгізіліп жатқан цифрлық жобалар мен технологиялық шешімдермен таныса алады.
Шараның тағы бір негізгі бөлігі халал индустриясына арналады. Көрмеге Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан кәсіпорындар қатысады. Олардың қатарында Craffers, Alif, ASL CORN, Tanho, PUFFI, ARDENT FOODS, ISKO, Candy Gold, Boost Food, «Куликов», «Тойбосс» және Wedrink компаниялары бар.
Отандық өндірушілер арасында Arai East Food, «Эмиль», Zigi-Zagi, «Кублей», «Нәрлен», Happy Cake, Lalu Cake, «ҰЛАН», «Ленгерское», «Бижан», «Алель Агро», «Алатау Құс» және басқа кәсіпорындар ұсынылады.
Келушілер ет және құс өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, сусындар, жартылай фабрикаттар, тағам қоспалары және басқа да халал өнімдермен танысып, тауарларды тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Көрме аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен ресми ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ үздік халал кәсіпорындарды марапаттау, халал өнімдерді стандарттау және сертификаттау мәселелеріне арналған кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылады.
Екі күн ішінде рухани-ағартушылық кездесулер, сұхбаттар, арнайы таныстырылымдар және өзге де іс-шаралар өтеді.
«QMDB EXPO-2026» көрмесі 19–20 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 42 мекенжайындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында өтеді. Кіру тегін.