Вице-министрдің сөзінше, 2026 жылғы бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамы 540 теңге деңгейінде есепке алынған. Ол кезде, 2025 жылдың шілде-тамыз айларында, айырбас бағамы 540-554 теңге аралығында болған.
«Біз 2026 жылды 2025 жылдың шілде-тамыз айларында жоспарладық. Сол кезде курс 540, тіпті 550-554 теңге болды. Сол динамикаға қарап, осындай бағам болады деп күттік. Сондықтан биылғы жоспарымызда 540 теңге болды», – деді Азамат Әмрин.
Оның айтуынша, биылғы валюта бағамының динамикасы ескеріліп, 2027 жылға арналған есептеулерде доллардың бағамы 480 теңге деңгейінде алынған.
Яғни бюджет жобасындағы бұл көрсеткіш — нақты бекітілетін айырбас бағамы емес, бюджеттік жоспарлау кезінде пайдаланылатын болжамды көрсеткіш.