Депутат Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезім мен тарихи жад мәселесіне ерекше мән бергенін атап өтті.
Каринованың айтуынша, бүгінгі таңда тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып, әсіресе жастар Қазақстан тарихы туралы ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube арқылы жиі алады.
Осыған байланысты депутат әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді немесе бұрмаланған ақпараттың таралуына дер кезінде кәсіби жауап беретін жүйе қажет екенін айтты.
Сонымен қатар ол ақпараттық саясаттың міндеті мемлекеттік бастамаларды жариялаумен ғана шектелмеуі керек екенін жеткізді. Оның пікірінше, реформалардың мақсаты мен нәтижесін азаматтарға түсінікті тілде жеткізетін журналистикаға да мән берген жөн.
Депутат Үкіметке бес ұсыныс жасады. Олар:
• ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындау;
• Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру;
• тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау;
• TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске қосу;
• тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тетік қалыптастыру.