Алматы облысында бұрынғы полицей Абылай Жарылқасынұлы мас күйінде жол апатын жасап, үш адамның қазасына себеп болды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 23 маусымда ол «HAVAL M6» көлігін алкогольдік мас күйде жүргізіп, Алматы — Шелек — Қорғас тасжолының 132-шақырымында, Еңбекшіқазақ ауданында қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан «AUDI» көлігімен соқтығысып, апат орнында үш адам көз жұмды, тағы үшеуі түрлі дене жарақатын алды.
Сот Жарылқасынұлына аталған баптың санкциясындағы ең жоғары жаза — 10 жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан 29 000 000 теңге моральдық өтемақы және 1 799 089 теңге материалдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.