2027 жылы республикалық бюджеттен үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығын білім беру мен денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың жиынтығынан асып түсуі мүмкін. Мұндай көрсеткіштер «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында көрсетілген.
Жобаға сәйкес, келесі жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге 3,561 трлн теңге бағыттау ұсынылған. Ал «Денсаулық сақтау» функционалдық тобына 2,673 трлн теңге, білім саласына 857,7 млрд теңге қарастырылған.
Осылайша, білім мен денсаулық сақтауға арналған жалпы шығын 3,530 трлн теңгені құрайды. Демек, қарызға қызмет көрсету шығыны бұл сомадан шамамен 30,4 млрд теңгеге, яғни 0,9%-ға жоғары болмақ.
Бұл есепте республикалық бюджеттің тиісті функционалдық топтары ғана қамтылған. Аталған сомаға жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын мектептер, ауруханалар және өзге де әлеуметтік нысандар шығындары кірмейді.
Жобадағы болжам бойынша, 2028 жылы қарызға қызмет көрсетуге шамамен 3,676 трлн теңге жұмсалса, білім мен денсаулық сақтау шығындары бірге 3,935 трлн теңгеге жетеді. 2029 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 3,650 трлн және 3,982 трлн теңге деңгейінде болады.
Айта кетейік, 2027 жылғы бюджет үшін мұндай арақатынас жаңалық емес. Қолданыстағы 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте дәл сол 2027 жылға үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге 4,19 трлн теңге қарастырылған еді, ал білім мен денсаулық сақтауға бірге 3,19 трлн теңге бөлінген. Жаңа жобада қарызға қызмет көрсету шығыны 3,56 трлн теңгеге дейін төмендетіліп, білім мен денсаулық сақтау шығындары 3,53 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.
Қарызға қызмет көрсету жүктемесінің өсуі қазірдің өзінде байқалып отыр. Бұған дейінгі мәліметке қарағанда, 2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстан бұл мақсатқа 2,1 трлн теңге жұмсаған, бұл бір жыл бұрынғыдан 26,3%-ға көп. Сол кезеңде мемлекеттік қарыз 14,7%-ға өсіп, 40,9 трлн теңгеге жеткен.