Министрдің айтуынша, соңғы күндері бірқатар Құрылтай депутаттарына, соның ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты, түрлі алып-қашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, кей жағдайда оның соңы буллингке ұласқан.
Балаева мемлекет мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, алғашқы жылдары журналистерге пәтер редакциялар қалыптастырған тізім бойынша берілген. Қазір тұрғын үй сала қызметкерлеріне қолданыстағы ережелерге сәйкес, меншігінде баспанасы жоқ азаматтарға беріледі.
Сонымен бірге министр мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерінің сауалдарына қажетті түсініктеме беріп отыруы керек екенін айтты.
Алайда журналистер де кәсіби этиканы сақтауы тиіс. Балаева жеке басқа өту, қудалау, манипуляция жасау және әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайтынын атап өтті.
Министр кәсіби этиканы сақтау «Масс-медиа туралы» заңда журналистің міндеті ретінде бекітілгенін еске салды. Сонымен қатар БАҚ өкілдерін аккредиттеу талаптары мен іс-шаралар регламентін сақтауға шақырды.