Алдымен аймақ басшысы жаңа жылу-электр орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан жобаға түркиялық «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция құйған. Кәсіпорын жылына 240 МВт электр және 277 Гкал жылу энергиясын өндіруге қауқарлы.
Қазіргі таңда станция толық қуатында жұмыс істеп, 240 МВт электр энергиясын өндіруде. Сонымен қатар су жылыту қазандықтары іске қосылған. Алдағы жылыту маусымында қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге жаңа орталықтың мүмкіндігі пайдаланылмақ.
Бұдан бөлек, облыс әкімі көмір қорын тексерді. Бүгінде 6,5 мың тонна қатты отын жеткізілген, оның 2 мың тоннасы қоймада сақтаулы. Тағы 7 вагон көмір жолда келеді.
Мұрат Ергешбаев №1 мектеп-гимназиясындағы жөндеу жұмыстарын да көрді. Оқу ордасының спорт залы, кіші залы мен киім ауыстыратын бөлмелері жаңартылған. Сондай-ақ облыстық аурухананың қысқы кезеңге дайындығы қаралды.
Жауапты басшыларға жылу беру маусымына дайындықты бақылауды күшейтіп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Биыл өңірдегі жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат жылу желілерін жөндеу, газтурбиналық қондырғылар мен қазандықтарды жаңарту, сондай-ақ негізгі және қосалқы жабдықтарды қалпына келтіруге бағытталуда.
Алдағы маусымда облыс тұрғындарына 92 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна көмір қажет. Жалпы қажеттілік — 111 мың тонна. Қазір өңірлік операторлар отын қорын бекітілген кестеге сәйкес толықтыруда.
Әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы 98 пайызға жетті.