Қазақстанның жаңа Құрылтайы жұмысын бастамай тұрып-ақ, оның депутаттарына арналған бейресми «инструкция» пайда болды. VIII шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаты Самат Нуртаза Facebook-тегі жазбасында жаңа құрамға жеті кеңес ұсынған. Посттың тілі ресми құжаттан гөрі тәжірибеден өткен депутаттың ескертуіне көбірек ұқсайды.
Нуртазаның айтуынша, жаңа депутаттар ең алдымен бұрынғы Мәжілістің аяқталмай қалған, бірақ қоғамға қажет бастамаларына қайта қарауы керек. Оның пікірінше, жаңа жұмысты бұрынғы тәжірибені жоққа шығарудан емес, аяқталмаған істі нәтижеге жеткізуден бастаған жөн.
Ал одан кейінгі кеңестері әлдеқайда қызық.
Экс-депутат Құрылтай мүшелерін журналистерден қашпауға шақырады. Оның ойынша, депутаттың қоғам алдындағы ашықтығы оның жұмысының маңызды бөлігі. Журналистің сұрағына жауап бермей кеткен халық қалаулысы әлеуметтік желідегі сыннан оңай құтыла алмайды.
«Қаштың ба — біттің. Tik-Tok қаһарманына айналасың», — деп жазады ол.
Нуртаза жаңа депутаттарға ант қабылдау сәтіне де немқұрайлы қарамауға кеңес берген. Себебі алғашқы Құрылтайдың отырысы тарихта қалуы мүмкін. Сондықтан ант мәтінін жаттап алуды ұсынған экс-депутат бұл сәттің видеолары да кейін қайта көрсетілетінін әзілмен еске салады.
Оның тағы бір кеңесі депутаттың жұмысындағы адамдармен қарым-қатынасқа қатысты. Көмекшіге дауыс көтермеу, оны құрметтеу, Құрылтай ғимаратындағы күзетші, асхана қызметкері мен тазалықшыға дейін адам ретінде сыйлау керектігін айтады.
Ал ең күтпеген кеңестерінің бірі — кабинетте қосымша костюм мен аяқ киім ұстау.
«Кейде үстіңе кофе төгіп аласың», — деп ескертеді ол.
Сондай-ақ бірнеше галстук пен сағыздың да артық болмайтынын жазады. Ресми кездесуге ауыздан жағымсыз иіс шығып бармау және сыртқы келбетке мән беру де депутаттың имиджіне әсер етеді деген ой айтады.
Жазбаның соңында Нуртаза жаңа 145 депутатқа сәттілік тілеп, негізгі міндетті бір сөйлеммен түйіндейді: «Бастысы — Елдің мүддесі».
Оның «Құрылтай. Инструкция» деп атаған жазбасы әзілге құрылғанымен, астарында бір ғана ой бар: депутаттық жұмыс мінберге шығып сөйлеумен шектелмейді. Заңды соңына дейін жеткізу, сұраққа жауап беру, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау және қарапайым әдепті ұмытпау да осы жұмыстың бір бөлігі.