Түркістан облысында Құрылтай сайлауына келген тұрғындар үшін мәдени-шығармашылық бағыттағы ерекше акция ұйымдастырылды. Қазығұрт ауданындағы №266 және Түркістан қаласындағы №105 сайлау учаскелерінің маңында өткен «Аквагрим» шарасына отбасымен бірге келген тұрғындар қатысты.
Акция барысында балалардың бетіне түрлі қызықты бейнелер мен ұлттық нақыштағы өрнектер салынды. Түрлі-түсті бояулармен безендірілген бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше әрі есте қаларлық сәтке айналды.
Балаларға арналған бастама сайлау күнінің мерекелік көңіл күйін арттырып, тұрғындарға жағымды әсер сыйлады. Әсіресе отбасымен бірге келген азаматтар үшін мұндай шығармашылық шаралар маңызды күнді қызықты өткізуге мүмкіндік берді.
Сайлау учаскелерінде ұйымдастырылған мәдени және шығармашылық іс-шаралар азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, сайлау күнінің мазмұнын да толықтыра түсті. Мұндай бастамалар қоғам мүшелерінің маңызды қоғамдық үдеріске қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазығұрт ауданында 61 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша 65 525 азаматтың дауыс беру құқығы бар.
Ал Түркістан қаласында 68 сайлау учаскесі қызмет көрсетеді. Қала бойынша 136 602 сайлаушы тіркелген.
Балаларға арналған «Аквагрим» акциясы – сайлау күнін отбасылық және жағымды атмосферада өткізуге бағытталған бастамалардың бірі. Осындай шаралар қоғамдық маңызы бар күннің мазмұнын кеңейтіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға мүмкіндік береді.