Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді. Бұл көрсеткіш агенттік шкаласы бойынша елге 2016 жылдан бері алғаш рет беріліп отыр.
Бұл туралы 22 тамыз, сенбі күні Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, рейтингтің жоғарылауы ел экономикасының орнықты даму келешегін, экономиканы әртараптандыру жалғасып жатқанын және жиналған сыртқы әрі фискалдық буферлердің айтарлықтай екенін көрсетеді.
Агенттік бағалауынша, сыртқы сын-қатерлер мен әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың құбылуына қарамастан, Қазақстан экономикасы орта мерзімде тұрақты болып, өсімін жалғастырады.
Аналитиктердің болжамына сәйкес, 2026 жылы нақты ЖІӨ өсімі 5,1 пайыз болады. Орта мерзімді перспективада Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің ішінде салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен өсетін экономика қатарында қалмақ.
S&P сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаның рөлін атап өткен. Сонымен бірге бюджет шығыстары өсімінің қалыпты қарқыны және салық базасын кеңейту шаралары бюджет тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді деп бағаланған.
Агенттік елдің валюталық активтері сыртқы борыштың орташа көлемінен едәуір жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанның сыртқы кредитор ретіндегі берік ұстанымын сақтайтынын да көрсеткен. Бұдан бөлек, банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге төзімділігі, реттеу мен қадағалау саясатының жүйелі түрде жетілдірілуі активтер сапасына қатысты жүйелік тәуекелдерді азайтқаны айтылған.
Бұған дейін Қазақстанның егемен кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған.