Қытайдағы тұрғын үй нарығының дағдарысы ортасындағы Evergrande Group негізін қалаушы Хуи Қа Ян өмір бойына бас бостандығынан айырылып, оның барлық жеке мүлкі тәркіленді.
Хуи сәуір айында бірнеше айыпты, соның ішінде активтерді иемдену мен корпоративтік парақорлықты мойындаған еді. Шэньчжэнь қаласындағы аралық халық соты оның бұрынғы компанияларына бірнеше қылмыс бойынша жалпы сомасы 15,82 млрд юань айыппұл салды. Олардың қатарында құжаттарды қолдан жасау және қарызды жасыру бар.
Сот бұл үкімді Evergrande күйреуінен кейінгі ең маңызды кезеңдердің бірі деп бағалады. Компанияның құлдырауы Қытайдың жылжымайтын мүлік секторын шайқап, инвесторлар мен отандық банктерге ауыр соққы болған.
Соттың мәліметінше, Хуи мен оның бизнесі Қытайдың тұрғын үй нарығын «елеулі түрде бұзып», айтарлықтай экономикалық шығын келтірген. Evergrande-дің басқа басшылары, соның ішінде Хуидің екі ұлы Сюй Чжицзянь мен Сюй Тэнхэ де 22 айдан 18 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Бір кезде Азияның ең бай адамы атанған Хуидің байлығы мен ықпалы компаниясының дағдарысқа ұшырауымен бірге күрт азайды. Хуи, сондай-ақ Сюй Цзяинь деген атпен де белгілі, Қытайдың ауылдық өңірінде өскен, кейін 1996 жылы Evergrande-ді құрып, жылжымайтын мүлік саласына кірген.
Компания қарызға алынған мол қаражат есебінен жедел кеңейді. Бір кездері Evergrande Қытайдағы ең ірі жылжымайтын мүлік девелопері болып, қор нарығындағы бағалануы 50 млрд доллардан асты. Кейін Бейжің 2020 жылы сектордағы қарызды тежеу үшін шаралар енгізген соң, компанияның жағдайы нашарлай бастады.