Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Баспаналар тұрғын үйді бөлудің екінші кезеңі аясында беріліп отыр.
Іс-шарада қала әкімі тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға баспана беру маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қолдау ең алдымен шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуға тиіс. Сонымен бірге тұрақты табысы бар еңбек ететін тұрғындарға еңбегінің нәтижесінде баспана алуға мүмкіндік жасау маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.
4 мыңнан астам пәтер кезең-кезеңімен беріледі
Алматы әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 4 мыңнан астам пәтерді кезең-кезеңімен үлестіруді жалғастырып жатыр.
Бірінші кезеңде 885 пәтер берілген. Екінші кезеңде тағы 1 832 пәтер тұрғындарға ұсынылады.
Сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы аяқталғаннан кейін босап қалған 1 мыңнан астам пәтер де тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек, 594 пәтер несие шарттарымен ұсынылады.
Пәтер кімдерге және қалай беріледі?
Пәтерлерді бөлу бойынша конкурстар қыркүйек айының басынан бастап кезең-кезеңімен өтеді. Үміткерлерді анықтау кезінде олардың тұрғын үй кезегіне қойылған күні ескеріледі.
Бұл тәсіл баспананы бөлудің жүйелі әрі ашық жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Әкімдік мәліметінше, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана беру кезінде олардың әлеуметтік жағдайы мен төлем қабілеті де ескеріледі.
Табысы төмен тұрғындарға жалдамалы тұрғын үй ұсынылады. Ал тұрақты табысы бар және несие төлеуге мүмкіндігі жететін азаматтарға несиеге берілетін баспана мен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылған.
Осылайша Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана беру бірнеше бағыт бойынша жалғасып жатыр.