Қайтарылған қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталып жатыр. Активтердің 1,044 трлн теңгесі – ақшалай қаражат, 75,7 млрд теңгесі – жылжымайтын мүлік, 12,1 млрд теңгесі – компаниялардағы үлестер, 19,2 млрд теңгесі – жер учаскелері. Қаражат арнайы мемлекеттік қорға түсіп, ең алдымен инфрақұрылымы жеткіліксіз өңірлердегі әлеуметтік нысандарды салуға және жаңғыртуға жұмсалуда.
Бүгінде 466 жобаға 617,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде сумен жабдықтау саласына – 235, медицинаға – 190, білім беру саласына – 17, спортқа – 6 нысан және басқа да инфрақұрылымдық жобалар бар. Қазірдің өзінде 349 нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында 188 су жүйесі, 163 денсаулық сақтау нысаны және 7 білім беру нысаны бар.
Қаражат ең көп Шығыс Қазақстан облысына – 78,9 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысына – 69,4 млрд теңге және Астанаға – 64,7 млрд теңге бағытталған. Ал ең аз қаржы Маңғыстау облысына – 8,2 млрд, Атырау облысына – 7,2 млрд және Шымкент қаласына – 2,5 млрд теңге көлемінде бөлінген.
Бас прокуратураның түсіндіруінше, өңірлерге бөлінетін қаражат көлемі әкімдіктер ұсынған жобаларға, дайын жобалық-сметалық құжаттардың болуына және инфрақұрылым тапшылығының деңгейіне байланысты анықталады.
Қайтарылған активтердің есебінен Астанада 1200 оқушыға арналған мектеп, Ақтөбе облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы балабақша салынуда. Ал Щучинск пен Бурабайдағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бөлінген.
Қаражаттың мақсатты жұмсалуын мемлекеттік аудит органдары, прокуратура және жоба тапсырыс берушілері бақылайды.