weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Бүгін, 12:50 / Admin / Аймақтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Өңірлік университетте білім алған жас маманға мүмкіндік аз ба?

Астанада немесе Алматыда білім алу – жақсы жұмысқа орналасудың кепілі ме? Ал өңірдегі жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маманның мүмкіндігі шектеулі деген пікір қаншалықты негізді?, деп хабарлайды http://Newsroom.kz

Өңірлік университетте білім алған жас маманға мүмкіндік аз ба?
Фото: AYU

Бұл сұрақ әсіресе оқу орнын таңдаған кезде жастардың жиі ойланатынының бірі. Ірі қалаларда жұмыс орындары мен кәсіби орта көп болғанымен, өңірде білім алған жастардың да өз саласында жетістікке жетіп жүрген мысалдары бар. Олардың айтуынша, мұнда оқу орнының орналасқан жерінен бұрын студенттің алған білімі, жинаған тәжірибесі және өз мамандығына деген қызығушылығы маңызды.

2022 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрай Исанхан да жұмыс іздеу кезінде оқу орнының Түркістанда орналасқанына байланысты қиындыққа тап болмаған.

«Оқу орнының қай өңірде орналасқаны кедергі емес» Нұрайдың айтуынша, университетті енді бітірген жас маманның жұмыс табуда қиналуы мүмкін. Алайда оған оқу орнының орналасқан жерінен гөрі, жұмыс тәжірибесінің аздығы әсер етеді.

 

«Жұмыс іздеу барысында университеттің өңірде орналасқанына байланысты ешқандай кедергі көрген жоқпын. Себебі адамның қай өңірде білім алғанынан гөрі, жоғары білімнің сапасы маңыздырақ деп ойлаймын. Өзіне сенімді, алған біліміне сенімді, өз мамандығына махаббатпен қарайтын адам үшін ондай кедергі жоқ», – дейді Нұрай Исанхан.

 

Ол жас маманның алғашқы қызметін бірден табуы әрдайым оңай емес екенін айтады. Әсіресе жұмыс беруші тәжірибесі бар маманды іздеген жағдайда, оқуын енді аяқтаған түлекке бәсекеге түсу қиын болуы мүмкін.

 

«Жас маман болған соң бастапқыда жұмыс табу қиын болады. Бірақ ол өңірдегі жоғары оқу орнын аяқтағанына байланысты емес деп ойлаймын. Бастапқыда жұмыс өтілінің болмауы, практикалық дүниелердің жетіспеуі әсер етуі мүмкін. Өзін дәлелдей алатын жас маманға барлық жерде есік ашық», – дейді түлек.

 

Оқу кезінде жинаған тәжірибе жұмысқа көмектесті. Нұрай үшін студенттік жылдар тек теориямен шектелмеген. Ол түрлі басылымдар мен телеарналарда өндірістік тәжірибеден өтіп, журналистика саласының жұмысымен танысқан. Оның сөзінше, сол кезде жинаған машығы диплом алғаннан кейін де пайдасын тигізген.

 

«Өңірлік оқу орнында алған білімім мен тәжірибем, сабақ барысында жинақталған теориялық және практикалық мәліметтер қазіргі жұмысыма көп әсерін тигізді. Студент кезімізде түрлі өңірлерде, түрлі басылымдарда, телеарналарда өндірістік тәжірибеден өттік. Сол кезде алған тәжірибелерімнің қазіргі жұмысымда пайдасы тиіп жатыр», – дейді ол.

 

Журналистикада теориямен қатар практикалық дағдының болуы маңызды. Сондықтан студент кезінде редакцияға, телеарнаға немесе басқа да ақпарат құралдарына барып, нақты жұмыс процесін көру кейін мамандық бойынша қызмет атқарған кезде жеңілдік береді.Нұрай университет қабырғасында мамандығымен қатар түрік тілін де меңгерген. Оның айтуынша, бұл да кейін жұмысқа орналасуына септігін тигізген.

 

«Мамандығымнан бөлек түрік тілін үйрендім. Қазақ және түрік тілдерін меңгеруім жұмысқа орналасқан кезде үлкен мүмкіндік берді. Маман ретінде жұмыс істегенде де оның пайдасын көрдім», – дейді Нұрай Исанхан.

 

Өңір студентіне қандай мүмкіндік қажет?

Ал қазір өңірлік жоғары оқу орнында білім алып жүрген студенттердің жағдайы қандай? Түркістандық студент Назипа Шері оқу орнында жастардың өзін дамытуына мүмкіндік бар екенін айтады.

 

Оның сөзінше, студенттер түрлі жобаларға, байқауларға, қоғамдық және шығармашылық жұмыстарға қатысып, тәжірибе жинай алады. Сонымен қатар оқытушылармен тікелей байланыс орнатып, қажетті бағыт бойынша кеңес алуға мүмкіндік бар.

 

«Өңірлік университетте білім алып жүрген студент ретінде мен үшін ең үлкен мүмкіндік – өзімді жан-жақты дамытуға жағдайдың болуы. Университет қабырғасында түрлі жобаларға, байқауларға, қоғамдық және шығармашылық жұмыстарға қатысып, тәжірибе жинауға болады. Сонымен қатар оқытушылармен тікелей байланыс орнатып, өзіңе қажетті бағытта кеңес алуға мүмкіндік бар», – дейді Назипа Шері.

 

Дегенмен студент өңір жастары үшін кәсіби ортаға шығу мәселесі әлі де маңызды екенін атап өтті.

Ірі қала мен өңірдегі мүмкіндік бірдей ме?

Назипаның пікірінше, Астана мен Алматыда кәсіби орта кеңірек. Мұнда түрлі компаниялар, медиа ұйымдар, мемлекеттік және халықаралық мекемелер орналасқан. Студенттер оқу кезінде-ақ сол ұйымдарда тәжірибеден өтіп, болашақ мамандығына қатысты байланыс орната алады.

«Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда түрлі компаниялар, медиа ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдар шоғырланған. Сондықтан ол жақтағы студенттер оқу барысында-ақ тәжірибеден өтіп, мамандығына қатысты кәсіби байланыс орната алады. Ал өңірлік студенттер үшін мұндай мүмкіндік кейде шектеулі», – дейді студент.

Осыған байланысты Назипа өңір жастарының ірі қалалардағы кәсіби ортаға араласуына жағдай жасалғанын қалайды. Оның айтуынша, тағылымдамалар мен тәжірибе алмасу бағдарламалары жастарға өз мамандығын іс жүзінде көруге мүмкіндік береді.

«Өңір жастарының ірі қалалардағы кәсіби ортаға шығуына, тағылымдамадан өтуіне және тәжірибе алмасуына көбірек жағдай жасалса жақсы болар еді», – дейді Назипа.

Сарапшы: Университеттен бөлек студенттің ізденісі маңызды

Өңірлік жоғары оқу орнын таңдау болашақ маманның мүмкіндігін шектей ме? Сарапшы Айман Бахтиярқызы Исмаилованың пікірінше, оқу орнының ықпалы бар, алайда адамның кәсіби жолын тек университет анықтамайды.

 

«Университеттің әсері бар, әрине. Себебі жақсы университет сапалы білім, жүйелі тәжірибе және жақсы орта береді. Бірақ болашақ маманның қандай болатыны тек университетке байланысты емес. Студенттің өз талпынысы да өте маңызды», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ірі қалада орналасқан университеттің студентке беретін мүмкіндігі көп болуы мүмкін. Бірақ бұл өңірде оқитын жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне жол жоқ деген сөз емес.

«Менің ойымша, студенттің өз ізденісі маңыздырақ. Жақын жердегі немесе өз еліндегі университет барып-келу үшін ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ университет алыс жерде орналасса да, одан тәжірибе жинап, білімін сапалы әрі жаңаша жетілдірсе, жақсы маман бола алады», – дейді Айман Исмаилова.

Сарапшының пікірінше, студенттің нәтижесіне оқу ордасынан алған білімімен қатар, оның сол білімді қалай пайдаланғаны әсер етеді. Қосымша білім алу, тәжірибеден өту, жобаларға қатысу және мамандығына қатысты орта іздеу – жас маманның мүмкіндігін кеңейтетін жолдардың бірі.

 

«Университет – мүмкіндік береді, ал нәтижеге жеткізетін – адамның ерен еңбегі», – деп түйіндеді сарапшы.

 

Нұрай Исанханның тәжірибесі өңірде білім алған жастың да еңбек нарығында өз орнын таба алатынын көрсетеді. Ал Назипа Шерінің пікірі өңір студенттері үшін кәсіби ортаға шығатын жолдарды көбейту қажет екенін аңғартады.

Сондықтан жас маманның болашағын тек диплом алған қаласымен бағалау дұрыс емес. Университеттің мүмкіндігі, оқу кезіндегі тәжірибе және студенттің жеке ізденісі қатар жүрген жағдайда өңірде алынған білім де кәсіби жолға негіз бола алады.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→