Аида Балаева журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметін заң аясында еркін жүзеге асыруға құқығы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Масс-медиа туралы» заң журналистерге кәсіби міндеттерін орындау кезінде фото, аудио және бейнежазба жасауға, сондай-ақ ақпарат таратуға мүмкіндік береді.
Министр адамның келісімінсіз түсірілім жүргізуге де заңда көзделген жағдайлар бар екенін еске салды. Мұндай жағдайларға көпшілік іс-шараларға қатысу немесе сол жерде болу, адамның бейнесінің оның қызметтік не қоғамдық қызметіне қатысты ақпаратпен бірге жариялануы, сондай-ақ бейненің адамның өзі ашық дереккөзде жариялауы жатады. Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында да адамның бейнесін пайдалануға жол беріледі. Әлеуметтік желілерде БАҚ, журналистер, белсенділер мен блогерлердің аккаунттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», — деп жазды Аида Балаева.
Министрдің пікірінше, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген түсінік қалыптастыратын әрекеттер мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етеді.
Ол қазіргі кезеңде бұл мәселенің маңызы артып отырғанын атап өтті. Қазақстанда саяси және қоғамдық институттарды жаңарту үдерісі жүріп жатқан жағдайда сөз бостандығы, азаматтардың құқықтары және жауапкершілік мәселелері ерекше мәнге ие.
Балаева заң алдында барлығы тең екенін атап өтті. Адамның лауазымы, қоғамдағы мәртебесі, кәсібі, танымалдығы немесе әлеуметтік желідегі жазылушылар саны заң талаптарын сақтамауға негіз бола алмайды.
Сонымен бірге министр сөз бостандығы ақпарат таратушыны жауапкершіліктен босатпайтынын айтты. Журналистер мен блогерлер жариялайтын мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, дереккөздерге мұқият қарауы қажет.
Аида Балаева әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою бойынша жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз контентпен күрес заңды пікір білдіруге, журналистік қызметке немесе қоғамдық пікірталасқа негізсіз шектеу қоюға айналмауы керек екенін атап өтті.
Министр журналистер мен блогерлерді сайлауалды кезеңде ақпарат таратуға жауапкершілікпен қарауға, деректерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.