Әлеуметтік желілерде ер адам мен бірнеше қыздың қатысуымен болған жанжалдың видеолары тарады. Кадрлардың бірінде ер адамның қыздың басынан ұстап, күш қолданғаны көрінеді. Екінші бейнежазбада ол қыздардың біріне ашық түрде зорлаймын деп қоқан-лоқы көрсетеді.
Тағы бір видеода қыз ер адамнан қашып, жол бойымен жүгіріп бара жатады. Ол өтіп бара жатқан көліктерден көмек сұрайды. Бір жүргізуші тоқтап, қыз көлікке мінгенімен, есікті жауып үлгермейді. Артынан ер адам да көлікке кіріп, жарияланған кадрларға қарағанда, қызға қол көтерген. Кейін жүргізуші араласқан соң күдікті оқиға орнынан кетіп қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жанжалға қыздардың оның 15 жастағы қызына қатысты әрекеті себеп болғанын айтқан. Алайда оқиғаның толық мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.
Маңғыстау облысы полиция департаменті жанжалға қатысқан барлық адамдардың, оның ішінде ер адам мен қыздардың да анықталып, полицияға жеткізілгенін хабарлады. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.