Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының логистикалық нысандарының бір бөлігін Ресейден Қазақстанға көшіруі мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта компаниядан елімізде қосымша қойма қуаттарын орналастыру жөнінде ресми өтініш түспеген. Соған қарамастан, мұндай ұсыныстар түссе, олар белгіленген тәртіппен қаралатыны айтылды.
Ведомство Қазақстан үшін заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және трансшекаралық электронды сауданы кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалар маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар барлық бастамалар ұлттық мүдде мен қолданыстағы заңнама талаптары негізінде бағаланатын болады.