27 шілде күні күндіз Орал қаласының шетінде орналасқан Хан тоғайы аумағында өрт тұтанды. Қала тұрғындары аспанға көтерілген қою түтінді байқап, әлеуметтік желілерде суреттер мен бейнежазбалар жариялады. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өрттің Жайық пен Шаған өзендерінің тоғысындағы орманды алқапта болғанын растады. Өрт ошағына жақын маңда Күреңдер тұрғын алабы орналасқан.
Тілсіз жауды ауыздықтауға шамамен 80 адам жұмылдырылған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен қатар Экология министрлігінің мамандары, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және әскери құрылым өкілдері қатысып жатыр.
Жалынның таралуын тежеу үшін екі тікұшақ іске қосылды. Әуе техникасы өрт ошақтарына бірнеше ондаған мәрте су төгіп, жалпы көлемі 68 тонна су шашқан. Осы уақытқа дейін тікұшақтар 46 рет ұшу операциясын орындаған.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарына аптап ыстық пен екпінді жел айтарлықтай кедергі келтіруде. Өрт шыққан күні ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жалын шамамен 18 гектар аумақты шарпыған. Қазіргі уақытта өрт толық ауыздықталған жоқ. Құтқарушылар мен өзге де қызметтер тілсіз жауды толықтай жою үшін жұмыстарын жалғастырып жатыр.