Әлем чемпионатында ең көп жеңіске жеткен ел – Бразилия. Оңтүстік америкалық құрама бес мәрте әлем чемпионы атанып, бұл көрсеткіш бойынша рекорд иесі саналады. Бразилия 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдары алтын жүлдені жеңіп алған.
Төрт реттен әлем чемпионы атанған құрамалар қатарында Германия мен Италия бар. Германия 1954, 1974, 1990 және 2014 жылдары жеңіске жетсе, Италия 1934, 1938, 1982 және 2006 жылдары чемпион атанды. (ФИФА)
Аргентина құрамасы әлем чемпионатын үш рет жеңіп алды. Олар 1978, 1986 және 2022 жылдары кубокты төбесіне көтерді. Әсіресе, 2022 жылғы Катардағы жеңіс Лионель Мессидің мансабындағы ең маңызды жетістіктердің бірі ретінде тарихта қалды.
Ал Франция мен Уругвай екі реттен чемпион атанған. Француздар 1998 және 2018 жылдары топ жарса, Уругвай алғашқы әлем чемпионаты өткен 1930 жылы және 1950 жылы жеңіске жеткен.
Әлем чемпионатын бір реттен ғана жеңіп көрген елдер қатарында Англия мен Испания бар. Англия тарихи жеңісіне 1966 жылы қол жеткізсе, Испания 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен мундиальда чемпион атанды.
Осылайша, FIFA әлем чемпионатының тарихында чемпион атанған елдер тізімі төмендегідей:
• Бразилия – 5 рет;
• Германия – 4 рет;
• Италия – 4 рет;
• Аргентина – 3 рет;
• Франция – 2 рет;
• Уругвай – 2 рет;
• Англия – 1 рет;
• Испания – 1 рет.
Бір қызығы, әлем чемпионаты тарихында Еуропа мен Оңтүстік Америкадан тыс бірде-бір мемлекет әзірге чемпион атана алған жоқ. Бұл екі құрлықтың құрамалары әлем футболындағы үстемдігін әлі күнге дейін сақтап келеді.