Бейнебақылау камерасындағы кадрларда ер адамның жазғы алаңға кіріп, айналаны біраз шолып шыққаннан кейін үстелдердің біріне жақындағаны көрінеді. Кейін ол сөмкесінен іске қосу құрылғысына ұқсас затты алып шығып, оны келушілердің бірінің бетіне бағыттайды. Артынша қатты тарсыл естіліп, зардап шеккен ер адам бүгіліп, диванға етпетінен құлайды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, 8 шілдеге қараған түні қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде екі келуші арасында жанжал шыққан. Жанжал барысында олардың бірі «Аңшы сигналы» атты сигналдық іске қосу құрылғысын қолданып, қарсыласының бет тұсына жарақат салған.
Аталған дерек бойынша бұзақылық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жедел түрде анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккен азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйіне жіберілді.
«Аңшы сигналы» – жарық және дыбыстық белгі беруге арналған пиротехникалық құрылғы. Ол аңшылар, туристер мен құтқарушылар тарапынан орналасқан жерін білдіру, көмекке шақыру немесе төтенше жағдайда назар аударту үшін пайдаланылады. Құрылғы атыс қаруы болып саналмағанымен, оны адамға қарсы қолдану ауыр жарақаттарға әкелуі мүмкін.