weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Бүгін, 17:43 / Перизат Ілес / Қаржы
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Bereke Bank басшылығының сыйақысы бір жылда 118%-ға өсті

2025 жылдың қорытындысы бойынша Bereke Bank-тің топ-менеджерлері 923,4 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Бір жыл бұрын атқарушы орган мүшелеріне төленген төлемдер көлемі 424,2 млн теңгені құраған. Бұл туралы finratings.kz жариялады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Bereke Bank басшылығының сыйақысы бір жылда 118%-ға өсті

KASE жариялаған мәліметтерге сәйкес, бір жыл ішінде банк басшылығына жұмсалған шығындар 499,3 млн теңгеге немесе 117,7 пайызға артқан.

Егер бұл соманы 12 айға бөлсек, банк атқарушы органның сыйақысына ай сайын орта есеппен 76,9 млн теңге бағыттаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 35,3 млн теңгені құраған.

Сонымен қатар, басшылыққа төленетін төлемдердің өсуі банктің қаржылық нәтижелерінің айтарлықтай жақсаруымен тұспа-тұс келді.

Банк пайдасы төрт есеге жуық өсті

Қаржылық есептілікке сәйкес, 2025 жыл Bereke Bank үшін табысты болған. Банктің таза пайдасы 63,1 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 16,2 млрд теңгені құраған. Яғни, банк бір жыл ішінде табысын шамамен төрт есеге арттырған.

Негізгі қызметтен түсетін кірістер де өскен. Банктердің несиелер бойынша табыстары мен депозиттер бойынша шығыстары арасындағы айырмашылықтан қалыптасатын таза пайыздық кіріс 133,6 млрд теңгеден 169,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

2025 жылы банк пайыздық кірістер есебінен 429,2 млрд теңге тапқан. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 347,7 млрд теңге болған.

Клиенттердің қаражаты 2 трлн теңгеге жуықтады

Бір жыл ішінде клиенттердің банкке орналастырған қаражаты да айтарлықтай көбейген. 2025 жылдың соңында жеке тұлғалардың шоттары мен депозиттерінде 854,2 млрд теңге сақталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 196 млрд теңгеге көп.

Корпоративтік клиенттердің қаражаты 1,1 трлн теңгеге жеткен. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 892,6 млрд теңгені құраған.

Осылайша, халық пен бизнес өкілдері Bereke Bank-те жалпы көлемі шамамен 1,95 трлн теңге болатын қаражат ұстаған.

Сонымен қатар, корпоративтік сектор қаражатының шамамен жартысы банктің ең ірі он клиентіне тиесілі. 2025 жылдың соңында олардың шоттарында 513,2 млрд теңге немесе корпоративтік клиенттердің жалпы қаражатының 46,75 пайызы сақталған.

Есептіліктегі өзге де маңызды деректер

Қаржылық есептен банктің тек несиелеуден ғана емес, басқа бағыттардан да табыс тапқаны байқалады. Мәселен, шетел валютасымен жүргізілген сауда операцияларынан түскен табыс 24,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өскен.

Бұдан бөлек, банктің нормативтік капиталы 160,9 млрд теңгеден 209,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Ал капитал жеткіліктілігінің k2 коэффициенті 12,5 пайыздан 13,5 пайызға дейін көтеріліп, қаржылық тұрақтылықтың нығайғанын көрсетеді.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында Bereke Bank қарыз алушылар төлейтін пайыздық төлемдердің 4 пайызын агенттік сыйақы ретінде алады.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→