weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қорған құпиясы ашылды: сақ дәуірінен аю бейнесіндегі алтын мүсінше табылды

Алматыдағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне жататын бірегей алтын бұйым мен бірнеше адамның сүйек қалдықтары анықталды. Алдын ала болжам бойынша, қорған б.з.д. IV–III ғасырларға тиесілі, деп хабарлайды Newsroom.kz 

Қорған құпиясы ашылды: сақ дәуірінен аю бейнесіндегі алтын мүсінше табылды
Фото: gov.kz

2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қалалық музейлер бірлестігі Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстары барысында диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр болатын қорған зерттелді.

Археологтардың мәліметінше, қорған ежелгі кезеңде тоналған. Соған қарамастан, зерттеу кезінде бірнеше адамның сүйек қалдықтары мен сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Алдын ала болжам бойынша, мұнда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін. Алайда нақты саны әлі анықталған жоқ.

Табылған жәдігерлердің ішіндегі ең құндысы – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Мамандардың пайымдауынша, ол бас киімді безендіруге арналған. Бұйымдағы тесіктер оның киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады.

Мұндай әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Бұған дейін «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей табылса, 2014 жылы Көкқайнар қорымынан барыс мүсіншесі анықталған. Ал аю бейнесіндегі бұйым Қазақстан аумағында әзірге кездеспеген бірегей олжа саналады.

Қалалық музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпеисовтің айтуынша, бір қорғаннан осыншама адамның сүйек қалдықтарының табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Себебі мұндай көлемдегі қорғандарда, әдетте, бір немесе екі адам жерленген. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктері мен марқұмдардың нақты санын анықтау үшін антрополог мамандардың қатысуымен қосымша зерттеулер жүргізіледі.

Ал бірлестік директоры Ләззат Сағындықованың пікірінше, аю мүсіншесі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстарды зерттеуге мүмкіндік береді. Оның ұқсастықтары Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі аумақтардағы археологиялық жәдігерлермен салыстырыла зерттелмек.

Зерттеу жұмыстары толық аяқталып, табылған бұйымдарға ғылыми өңдеу жүргізілгеннен кейін ең құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қалалық музейлер бірлестігі 2022 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алып, қала аумағында дербес ғылыми зерттеулерді қолға алған. Сол жылы Алатау ауданындағы қорғандардың бірінен б.з.д. V–II ғасырларға жататын сақ жауынгерінің бұзылмаған жерлеу орны табылды. Қазба кезінде алтынмен әшекейленген семсер бөлшектері, аң стиліндегі алтын бұйымдар мен күміс заттар анықталған.

2024 жылы Алатау ауданындағы тағы бір қорған зерттеліп, адам сүйектерінің бөліктері мен қола бекіткіштер табылды. Сондай-ақ Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркінде Италия мен Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Ал 2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын қорғандардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталды.

Мамандардың жұмысы археологиялық ескерткіштерді зерттеумен қатар, оларды заманауи әдістер арқылы сақтау мен тарихи мұраны ғылыми айналымға енгізуге бағытталған. Қарағайлы қорымындағы жаңа олжа да Алматының көне тарихын тереңірек тануға жол ашатын маңызды ғылыми жаңалық болмақ.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер