ДДҰ мәліметінше, індеттің негізгі ошағы Итури провинциясында тіркелген. Мұнда жұқтыруға күдікті жүздеген жағдай анықталған. Сонымен қатар Солтүстік Киву провинциясында да вирус кең таралуда. Мамыр айының басында дәрігерлер арасында да өлімге әкелген «өте қауіпті белгісіз ауру» туралы алғашқы дабылдар түскен. Ал ай ортасында зертханалық тексерулер ең ауыр күдікті растады.
Инфекция көрші Уганда аумағына да таралып үлгерген. Елде алғашқы өлім жағдайлары мен ауыр хәлдегі науқастар анықталды. Бұдан бөлек, Гома қаласында да бір жағдай тіркелген. Осыған байланысты билік Гома мен Руанда арасындағы шекараны уақытша жабу туралы шешім қабылдады.
Халықаралық сарапшыларды вирустың табиғаты ерекше алаңдатып отыр. Эпидемияны Бундибуджио (Bundibugyo virus) деп аталатын сирек штамм тудырған. Ол бірнеше апта бойы байқалмай таралған, себебі алғашқы тесттер Эболаның кең таралған Заир штаммын анықтауға бағытталған еді.
Жағдайды қиындатып отырған тағы бір мәселе — Бундибуджио штаммына қарсы бүгінге дейін лицензияланған вакцина да, арнайы мақұлданған ем де жоқ.