Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында басқарма басшысы Марат Пашимов және медициналық ұйым өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – 2026 жылға арналған ана мен сәби өлімін төмендету бойынша жол картасын жүзеге асыру болды.
Жиында басқарма басшысының орынбасары Лайла Имангалиева баяндама жасап, әйелдер мен балалар денсаулығын нығайтуға арналған іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Жол картасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары негізінде әзірленген. Оның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, 2026 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасы, «Аналар саулығы» бағдарламасы және 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қамтылған.
Құжат жеті негізгі бағыттан тұрады. Олар: жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, балалар денсаулығын сақтау, фертильді жастағы әйелдерге медициналық қолдау көрсету, жүкті әйелдерді бақылау, медицина мамандарының біліктілігін арттыру, халықтың ақпараттық сауаттылығын күшейту және жоспардың орындалуын тұрақты мониторингтеу.
Бағдарлама аясында 100-ден астам іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Бұл шаралар медициналық көмектің сапасын арттыруға және ана мен бала денсаулығына төнетін қауіптерді азайтуға бағытталған.
2026 жылға арналған негізгі мақсаттардың қатарында ана, нәресте және неонаталдық өлім көрсеткіштерін кезең-кезеңімен төмендету бар. Сонымен қатар әйелдерді жүктілікке дейінгі дайындықпен қамту, вакцинация деңгейін көтеру және скринингтік тексерулердің қолжетімділігін арттыру жоспарланған.
Кеңес барысында вакцинация, скрининг және жүкті әйелдерді ерте бақылауға алу мәселелері қосымша назарды қажет ететіні айтылды. Сондай-ақ медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын кеңейту мәселелері талқыланды.