Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Съезге Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар мен партия жақтастары қатысты. Жиын барысында жаңа саяси ұйымды құру, оның атауын бекіту, бағдарламасы мен жарғысын қабылдау, сондай-ақ басшылық құрамын сайлау мәселелері қаралды.
Делегаттардың басым бөлігі «Әділет» партиясын құру туралы шешімді қолдап дауыс берді. Сонымен қатар партияның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми атауы бекітілді. Ұйымдастырушылар барлық рәсімнің қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткенін мәлімдеді.
Съезд шешімімен партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Ол өз сөзінде партия жұмысы ашықтық, адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделетінін айтты.
«Біз елдің дамуына үлес қосатын белсенді азаматтарды біріктіреміз. Негізгі мақсатымыз – жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу», – деді партия төрағасы.
Құрылтай барысында партияның саяси кеңесінің құрамы да таныстырылып, оған 30 адам енді.
Съезде қабылданған партия бағдарламасында заң үстемдігі, әділетті қоғам қалыптастыру, адами капиталды дамыту және өңірлердің теңгерімді дамуы негізгі басымдық ретінде көрсетілген. Құжатта білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, партия өз жұмысын жаңа Конституция құндылықтарына сүйене отырып жүргізбек.
«Партияның негізгі тіректері – әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен прогресс», – деді ол.
Айбек Дәдебай съезде сөйлеген сөзінде партия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым заң үстемдігін күшейтуге, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын дамытуға басымдық береді.
Партия өкілдері ұйымның басты мақсаты саяси қарсыластық емес, қоғамдық диалог пен тиімді өзгерістерге ықпал ету екенін атап өтті. Сонымен қатар бастамашыл топ өкілдері партия мүшелерінің басым бөлігін жастар құрайтынын жеткізді.