Басылым мәліметінше, Эпштейн сирек кездесетін исламдық артефактілерді жинауға қызығушылық танытқан. Ол бұл заттарды өз аралындағы ерекше ғимаратты безендіру үшін сатып алып, оны жеке әңгімелерінде «мешіт» деп атаған. Сонымен қатар, бұл әрекеттер ықпалды әрі ауқатты адамдармен байланыс орнату мақсатында жасалғаны айтылады.
NYT дерегінше, Құран аяттары кестеленген гобелендер Меккедегі Қағбадан жеткізілген. Айтылғандай, олар бұрын Қағбаның ішкі қасиетті бөліктерін безендіріп, сыртқы қабырғаларын жауып тұрған.
Бұдан бөлек, Джеффри Эпштейн Өзбекстаннан әкелінген плиткаларды, сондай-ақ ежелгі Сирия сәулет үлгісінде жасалған алтын күмбезді де сатып алған.
Құжаттарда көрсетілген исламдық артефактілер Эпштейн аралындағы жұмбақ ғимараттың сырын да ашуға көмектеседі. Алғашында жоба «ислам бағы» қоршаған «хамам» ретінде тіркелген. Кейін қаржыгер бұл жоспардан бас тартып, оның орнына «музыкалық бөлме» салуға рұқсат алуға тырысқан.