Тұжырымдама бойынша елде барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары өткізілетін болады, ал кез келген төтенше жағдайда «111» байланыс орталығы жылдам көмек көрсетеді. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға жылдам қолдау көрсету үшін цифрлық технологиялар енгізіліп, психологиялық және менторлық сүйемелдеу кеңейтіледі. 2027 жылдан бастап іске қосылатын «Баланың жолы» жүйесі әр баланың жағдайын, оның отбасы мен қажеттіліктерін есепке алады, сондықтан ешбір бала қараусыз қалмайды.
Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады. Цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары арқылы буллингті анықтау және қауіп төндіруі мүмкін тұлғаларды алдын ала тану мүмкіндігі қарастырылған.
Аймақтарда балалардың құқықтарын қорғау басқармалары заңды түрде құрылып, олардың саны 20-ға жетеді. Сонымен қатар, қорғаншылық және қамқоршылық органдарында әр баланы жеке қолдау үшін кейс-менеджер лауазымы енгізіледі. Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар жаңа талаптарға сай жыл сайын тағылымдамадан өтіп, осы сала мамандарын дайындауға жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді.