Арнаның мәліметінше, жүкті қыз Деличобан ауылында тұрған. Тағы бір мектеп оқушысы да осы елді мекенде қаза тапқан. Ал Великент ауылында бес жасар қыз су тасқынының құрбаны болды.
Бұған дейін Дагестан басшысы Сергей Меликов өңірде су тасқынынан 6,2 мыңнан астам адам зардап шеккенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, шамамен сонша үй мен жеке аумақ бүлінген. Сондай-ақ аймақта 55 уақытша орналастыру пункті ашылып, онда 700-ден астам адам орналасқан.
Сонымен қатар бұған дейін Дагестанда екі пойыздағы шамамен 120 жолаушы эвакуацияланғаны хабарланған. Өңірдің Көлік министрлігі бұл шешім Махачкала — Дербент теміржол учаскесін су басуына байланысты қабылданғанын түсіндірді.
Тағы бір мәлімет бойынша, Гуниб — Цуриб автожолы бойында тас құлап, қозғалыс тоқтаған. Соның салдарынан Чародин ауданындағы 53 елді мекен көлік қатынасынсыз қалған.