Стамбул қаласында белгісіз адам жеке курьерлік компания қызметкеріне оқ атқан. Зардап шеккен адамның Қазақстан азаматы екені анықталды. Ол ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін және істі бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Түркия полициясының мәліметінше, күдіктілер қылмыстан кейін қашуға әрекет жасаған. Олар Эдирне провинциясында, яғни шекараға жақын аймақта ұсталған. Алдын ала деректер бойынша, олар елден шығып кетпек болған.
Тергеу барысында күдіктілердің автокөлікпен жүргені анықталды. Іздеу жұмыстарына дрондар тартылып, нәтижесінде екі адам қолға түсті.
БАҚ мәліметінше, ұсталғандар Грузия азаматтары болуы мүмкін. Олар кейін Стамбулға жеткізілген.
Сонымен қатар, күдіктілер мінген көлік жүргізушісіне қатысты да тергеу басталды. Ол заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және адам саудасына қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.