Рудный қаласының тұрғыны сегіз жастағы баланы «тәрбиелеу» мақсатында құлағынан сүйрегені үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелді.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам бірге тұратын әйелінің ұлын осындай әдіспен жазаламақ болған. Оқиға туралы баланың туған әкесі біліп, полицияға арызданған. Сараптама нәтижесінде баланың құлақ тұсынан теріасты гематомасы анықталған.
Прокурор соттан 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраса, баланың әкесі қылмыстық жаза қолдануды талап еткен. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
Сот оның бұрын сотталмағанын ескерді. Алайда ер адамның қоғамдық тәртіп пен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны және тұрғылықты жері бойынша теріс мінездеме берілгені назарға алынды.
Нәтижесінде сот 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Сонымен қатар баланың тұрмыс жағдайы мен тәрбиесін тексеру үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына жеке қаулы жолданды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.