Өскемен қаласында ауа сапасын бақылаған Қазгидромет қаңтар айының қорытындысын жариялады. Бақылау деректеріне сәйкес, атмосферада күкіртсутек пен хлорлы сутек мөлшері жоғары болған. Бір ай ішінде қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) 15 күн тіркелген.
Ең көп шекті мөлшерден асу деректері күкіртсутек бойынша — 543 рет, күкірт диоксиді — 456 рет, көміртек оксиді — 141 рет, хлорлы сутек — 83 рет және фенол бойынша тоғыз рет анықталған.
Синоптиктердің айтуынша, ластану деңгейі 2023–2025 жылдармен салыстырғанда одан әрі өскен. 2026 жылдан бастап ҚМЖ кезінде өскемендік оқушылар қашықтан оқытуға көшірілген.
Экология министрлігі елдің 11 қаласында ауа ластануы жоғары екенін хабарлады. Ең проблемалы қалалар қатарында Алматы, Қарағанды, Теміртау және Ақтөбе бар.
Министрлік ҚМЖ кезінде көлік қозғалысын «жұп-тақ күн» қағидаты бойынша шектеуді, кафе мен мейрамханаларда көмір мен отын қолдануға тыйым салуды ұсынып отыр. Сонымен қатар қоғамдық көлік пен таксиді газға немесе электрге көшіру, өндірістік аймақтар маңында «жасыл белдеу» құру секілді бастамалар қаралуда.
Ақпан басында Өскеменді улы смог басып қалғаны да хабарланған.