Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша жүргізген жұмысының қорытындылары баяндалды. Эльвира Әзімованың айтуынша, комиссияның он екі отырысының нәтижесінде елдің жаңа Негізгі заңының қорытынды жобасы әзірленген.
Құжат мәтіні өткен жылдың қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтар мен сарапшылар ұсынған бастамалар негізінде дайындалған. Сонымен қатар жобаға Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қазан–қаңтар айларында қалыптастырған ұсыныстары енгізілген.
Талқылау қорытындысы бойынша Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды. Президент комиссия атқарған жұмыстың ауқымды әрі маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекеттік институттардың трансформациясын аяқтап, жаңа конституциялық модельге өтуді білдіреді. Сондай-ақ құжат елдің заманауи құндылықтары мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап, Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына негіз қалайды.
Президент комиссия мүшелеріне кәсіби еңбегі үшін алғыс білдіріп, жобаны тікелей эфирде талқылау қоғамдағы ашық диалог деңгейін көрсеткенін айтты. Сонымен қатар мыңдаған азаматтың белсенді қатысуы «Еститін мемлекет» қағидатына сай келетінін атап өтті.
Президент Жарлығына сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум 15 наурызда өтеді. Ал қорытынды мәтін 12 ақпанда ресми түрде жарияланады.
Референдумда қазақстандықтарға мынадай сұрақ қойылады:
«2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»