Астана қаласының тұрғыны сталкинг үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды. Елордалық прокуратураның мәліметінше, ер адам алты ай бойы әйелдің қарым-қатынастан бас тартқанына қарамастан, оны мазалауын тоқтатпаған.
Ол мессенджерлердегі бұғаттауларды айналып өтіп, қорғану нұсқамасын сақтамаған. Сондай-ақ жәбірленушіні үйінің маңында және жұмыс орнында аңдып, оның рұқсатынсыз бейнежазбаға түсірген.
Сот мұндай әрекеттер әйелге психологиялық қысым көрсетіп, оның жеке өмірі мен қауіпсіздігіне қол сұққанын анықтады. Бастапқыда сотталушыға 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалып, моральдық шығынды өтеу міндеттелген. Алайда оның бұрын бостандығын шектеу жазасын өтеп жүргені және шарттарды бұзғаны ескеріліп, жаза нақты түрмеге ауыстырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.