Шымкент қалалық полиция департаментінде Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің төрағалығымен көшпелі кеңес өтті. Жиынға мегаполис әкімі, сондай-ақ қаладағы құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.
Кеңес барысында министр жеке құрамға Шымкент қалалық полиция департаментінің жаңа бастығы — Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол осыған дейін ҚР ІІМ Тергеу департаментін басқарған.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаевтың басқарушылық және тергеу саласында мол тәжірибесі бар. Ол еңбек жолын тергеушіден бастап, министрліктің орталық аппаратындағы департамент басшысы деңгейіне дейін көтерілген.
Министр Ержан Саденов жаңа басшылықтың алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтіп, Шымкенттегі криминогендік ахуалға байланысты алаңдаушылығын білдірді.