АҚШ соты Райан Раутты Дональд Трампқа қастандық жасауға оқталғаны үшін кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Тергеу дерегінше, 15 қыркүйекте Құпия қызмет агенттері гольф клубының қоршауы маңындағы бұтаның арасынан мылтық ұстаған күдіктіні байқап қалған. Ол бірде-бір оқ атпастан оқиға орнынан кетіп қалғанымен, бейнебақылау камералары арқылы іздестіріліп, кейін қолға түсті. ФБР бұл әрекетті Трампқа қарсы қастандыққа әрекет деп бағалады.
Сотта Раут өз-өзін қорғап, Трампты өлтіру ниеті болмағанын айтты және 27 жыл түрме жазасын сұрады. Сондай-ақ ол тұлғалық бұзылысына байланысты психологиялық ем қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда айыптаушы тарап оның бірнеше ай бойы қылмысқа дайындалғанын, жолында тұрған кез келген адамды өлтіруге дайын болғанын, еш өкінбегенін алға тартып, өмір бойы түрме сұрады. Сот осы уәждерді негізге алып, ең жоғары жазаны тағайындады.
Сотталған азамат алқабилерді шатастыруы мүмкін жағдайлар болғанын, толыққанды құқықтық қорғаныс ұйымдастыра алмағанын да айтты.
Айта кетейік, Трамптың сайлау науқаны кезінде мұндай оқиға біріншісі емес. Бұған дейін 13 шілдеде Пенсильваниядағы митинг кезінде 20 жастағы Томас Мэттью Крукс көрші ғимараттың шатырынан оқ атқан. Қауіпсіздік қызметі шабуылдаушыны сол жерде жойды. Сол сәтте Трамптың басын бұруы оның өмірін сақтап қалып, оқ тек құлағын жанап өткен.