Құрлық әскерлері қолбасшылығының мәліметінше, әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзін-өзі атып алған. Алдын ала нұсқа бойынша, оқиға жазатайым жағдай ретінде қарастырылып отыр. Сарбаз былтыр сәуір айында әскер қатарына шақырылған.
Қаза фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Істің барысы әскери прокуратураның бақылауында.
Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков бастаған комиссия жіберілді.
Ведомство марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 6 қаңтарда Шымкент ауруханасында Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің сарбазы қайтыс болған еді. Алдын ала дерек бойынша, өлім себебі – жүрек тоқтауы. Диагнозы – жедел лейкоз. Бұл жағдайда да онкологиялық ауруы бар азаматтың әскерге қалай алынғаны ашық күйінде қалып отыр.