КТК телеарнасы таратқан мәліметте Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Рысбүбі Дүйсебаева оқушының жағдайы кенеттен нашарлағанын айтады. Ол басының айналып, жүрегі айнығанын айтып шағымданған.
Осы сәтте оқушының әжесі де мектепте болған. Ол осы білім ордасында мұғалім болып жұмыс істейді.
Мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер тез жетіп, реанимациялық шаралар жүргізгенімен, оқушыны құтқару мүмкін болмаған. Ол оқиға орнында көз жұмды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жасөспірімнің миы ісіп, миына қан құйылғаны анықталған.
«Балалар оның басы айналып, жүрегі айнығанын айтқан. Тек сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін ғана миына қан құйылғаны белгілі болды», — деді мектеп директоры.
Оның айтуынша, марқұм оқушы жақсы оқыған, спортпен айналысқан, тәртібі де жақсы болған, ешқандай жанжалға қатыспаған.
Білім бөлімінде бұл жағдайдың отбасы, сыныптастары мен мұғалімдер үшін ауыр соққы болғанын атап өтті. Қазіргі таңда мектепте оқушылар мен педагогтерге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.