Әлеуметтік желіде тараған видеода кәмелетке толмаған қызды күшпен алып кету сәті, сондай-ақ оған кедергі келтірмей, керісінше үгіттеген егде жастағы әйелдер анық көрінеді.
«Бұл – қылмысқа ортақтасу. Кім жолын бөгеді, кім үгіттеді – бәрі жауапқа тартылуы керек. Егер бұл іс зорлықпен аяқталса, мұнда топ болып жасалған қылмыс құрамы бар. Мұндай адамдардың барлығын қамауға алу қажет», – деді депутат.
Абеновтің айтуынша, мұндай жағдайда тек тікелей орындаушылар ғана емес, қылмысқа әдейі кедергі жасамағандар да жауап беруі тиіс.
Сталкингке көз жұму – ауыр қателік
Депутат сталкинг мәселесіне де тоқталып, Шымкентте бұл проблема еленбей қалғанын айтты.
«Әлеуметтік желідегі мазалау – алғашқы кезең. Кейін ол аңдуға, қудалауға ұласады. Нурайдың ата-анасы полицияға бірнеше рет жүгінген, бірақ дер кезінде шара қабылданбаған», – деді ол.
Абенов сталкингке қатысты заң қыркүйек айында күшіне енгенін, алайда Шымкент пен Түркістан облысында түсіндіру және алдын алу жұмыстарының жүргізілмей жатқанын сынға алды.
Зорлау жазасын қатаңдату ұсынылды
Сонымен қатар мәжілісмен зорлау қылмысы үшін жазаны күшейтуді ұсынды.
«Қыз алып қашқаны үшін – 10 жылға дейін, ал зорлау үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін. Бұл – үлкен олқылық. Зорлау – ең ауыр қылмыстардың бірі», – деді Абенов.
Ол бұл мәселені парламент деңгейінде көтеріп, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуге бастама көтеретінін мәлімдеді.