Министрдің айтуынша, елдегі денсаулық сақтау жүйесі қаржылық тұрғыда күйреу алдында тұрған жоқ, алайда басқару мен бюджет жоспарлауда жүйелі мәселелер бар. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің шамамен 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады.
ФӘМС инвестициялық қаражатты пайдалана алатын еді
Жұманғарин кей кезеңдерде ауруханалар мен емханаларға бөлінетін қаражат бюджеттік кестедегі кідірістерге байланысты кешіккенін растады. Осындай жағдайда қор инвестициялық қаражатты пайдаланып, медициналық ұйымдарға уақытылы төлем жасай алатын еді. Бірақ бұл мүмкіндік қолданылмаған.
«Фондтың инвестициялық мүмкіндіктері өте үлкен. Мемлекеттік қаржы кешігіп жатқан кезде, сол инвестициялық ақшаны шығарып, ауруханаларға төлеу керек еді. Неге бұлай болмады – бұл үлкен сұрақ. Материалдар құқық қорғау органдарына берілді», – деді министр.
Цифрландыру – басты шешім
Оның айтуынша, мәселе қаражаттың жетіспеуінде емес, басқарушылық шешімдер мен адами факторда. Сондықтан мемлекет ақпараттық жүйелерді біріктіру мен цифрландыруды күшейтуді көздеп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов ФӘМС-ті Қаржы министрлігінің қарауына беруді тапсырған болатын.
ФӘМС-ке қанша қаражат түсті?
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, 2020 жылдан бері ФӘМС-тің жиынтық инвестициялық кірісі 588 млрд теңгені құраған. Оның 195,9 млрд теңгесі тек 2025 жылы түскен. Алайда аудит нәтижесінде бұл қаражаттың едәуір бөлігі нақты медициналық қызметтерге бағытталмағаны анықталған.
IT-аудит кезінде бір клиникада дәрігердің бір тәулікте 1 442 қабылдау рәсімдегені белгілі болды. Ал норма – күніне 24 науқастан аспауы тиіс.