Оның айтуынша, бұл шешім тек саясатқа ғана емес, демографиялық және экономикалық тұрақтылыққа байланысты қабылданған.
«Батыс елдері физикалық тұрғыда әлемдегі барлық мигрантты қабылдай алмайды. Гуманизм біржақты болмауы тиіс. Өз елінде тұрып жатқан халықтың да қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар», — деп жазды Чукин Facebook парақшасында.
Экономистің сөзінше, АҚШ-та жылдар бойы елде заңды мәртебесіз тұрып жатқан адамдар бар. Олардың балалары тілдік әрі мәдени тұрғыда америкалық болғанымен, заң жүзінде мәртебесіз қалып отыр.
Чукин жаңа миграциялық саясат жүйеге «пайдасы тиетін» адамдарды — дені сау, білімді, қаржылық мүмкіндігі бар азаматтарды іріктеуге бағытталған болуы мүмкін екенін айтады. Алайда критерийлер нақты емес.
«Кейбір грин-карта лотереясының жеңімпаздары мүлкін сатып, жұмысынан шығып үлгерді. Енді олар белгісіз жағдайда қалды. Бұл шешім бір адамға емес, тұтас отбасылар мен балалардың тағдырына әсер етеді», — деді ол.