2026 жылдың қаңтарында Қазақстанда ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің болжамына сәйкес, жауын-шашын мөлшері жалпы алғанда қалыпты деңгейде сақталады. Алайда бірқатар өңірде қар көлемі әдеттегіден көп түсуі мүмкін. Атап айтқанда, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Түркістан облысының оңтүстік-шығысында және Алматы облысының оңтүстігінде жауын-шашын нормадан жоғары болады деп күтілуде.
Қаңтар айы бойы қарлы боран, бұрқасын, тұман мен көктайғақ ашық, аязды күндермен алма-кезек ауысып отырады.
Өңірлер бойынша температура болжамы
Елдің батысында қаңтардың басында түнгі ауа температурасы –10…–18°С-қа дейін төмендеп, күндіз –5…–12°С шамасында болады. Айдың екінші жартысында бұл өңірде ауа райы жылып, күндіз әлсіз плюстік көрсеткіштерге дейін көтерілуі мүмкін.
Солтүстік, орталық және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура –20°С пен –3°С аралығында құбылады, ал күндіз –12°С-тан +3°С-қа дейін жылынады.
Шығыс аймақтарда түнде –18…–2°С, күндіз –10…+2°С шамасында болады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнгі температура –12°С-тан +5°С-қа дейін, күндіз –3°С пен +10°С аралығында күтіледі. Елдің ең оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы кей күндері +15°С-қа дейін жетуі мүмкін.
Қатты аяз қашан болады?
Синоптиктер қаңтардың екінші және үшінші онкүндігінде суық ауа толқындары күшейетінін ескертеді. Бұл кезеңде:
– солтүстік пен орталықта түнде –35°С-қа дейін, күндіз –20°С шамасына дейін;
– батыс өңірлерде түнгі температура –27°С-қа дейін;
– оңтүстікте кей жерлерде түнде –30°С, күндіз –18°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Сонымен қатар айдың ең жылы күндерінде солтүстік облыстарда ауа температурасы –5…+3°С-қа дейін көтерілсе, батыс пен оңтүстікте +5°С-қа дейін жететін жылымық болуы ықтимал.