2025 жылдың басынан бері ел азаматтары аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 75,5 млрд теңгені құрайтын 4 293 жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеген. Бұл көрсеткіш жылдық лимиттің шамамен 75 пайызына тең.
Бағдарлама бекітілген жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. 1 қазаннан бастап төртінші тоқсанға арналған лимит енгізілді. Ал 2026 жылы қатысушылар үшін бірқатар оң өзгерістер күтіледі, – деді Тұрақтылық қорының бас менеджері Айбар Олжаев.
Алайда қор өкілдері әзірге нақты қандай өзгерістер болатынын ашып айтқан жоқ.
«7-20-25» бағдарламасы деген не?
Мемлекеттік ипотекалық бағдарлама
- Пайыздық мөлшерлеме – 7%
- Бастапқы жарна – 20%
- Несие мерзімі – 25 жылға дейін
Тек пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй сатып алуға болады
Тұрғын үйдің шекті бағасы
- 25 млн теңгеге дейін – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары және олардың маңайы
- 20 млн теңгеге дейін – Қарағанды, Түркістан
- 15 млн теңгеге дейін – өзге өңірлер
Бағдарлама талаптарына сәйкес, өтініш берушінің және оның жұбайының атына соңғы 18 ай ішінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Сондай-ақ «7-20-25» арқылы ипотеканы тек бір рет рәсімдеуге болады.
Бағдарламадағы негізгі түйткілдер
Баға шектеулеріне сай келетін жаңа тұрғын үйлердің тапшылығы
Банктердің лимитке байланысты өтінім қабылдауы, соның салдарынан кезектің бірнеше айға созылуы
Жыл сайын бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінеді, бұл шамамен 6 мың ипотекалық несие беруге ғана жеткілікті
Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы аясында ипотекалық несие беруге еліміздегі жеті банк қатысады.