weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Түркістан: Отырарда заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды

Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді.

Түркістан: Отырарда заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды

Ашылу салтанатына облыс әкімі қатысты

Жаңа өндіріс нысанының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымын және аудан тұрғындарын зауыттың іске қосылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екенін атап өтті.

– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Бүгін іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – осы бағыттағы ірі әрі маңызды жоба. Кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Қытайлық инвесторлардың қолдауымен 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізіліп, жоғары өнімділікке қол жеткізілді. Су үнемдейтін бұл технологиялар климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті, – деді Нұралхан Көшеров.

Екі зауыт, 180 мың тонна өнім

Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынуда. Жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын өндіріс нысандары жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделген.

Аймақ басшысы Отырар ауданында толыққанды мақта кластерін қалыптастыру, шикізатты терең өңдеу арқылы қосымша құны жоғары өнім өндіру негізгі мақсат екенін атап өтті.

Жасанды интеллект енгізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы экономиканы жаңғырту міндеті қойылған. Осы тапсырма аясында аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген.

Басқару орталығында өндіріс процесі жасанды интеллект арқылы бақыланып, реттеледі. Бір орталықтан 32 мың гектар жердің суару жүйесі толық басқарылып отыр.

Өнімділік пен жұмыспен қамту

«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС 2025 жылы Отырар ауданы аумағында 23 мың гектар жергетамшылатып суару әдісімен мақта егіп, әр гектардан орта есеппен 50–60 центнерден өнім алды.

Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, бұл өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсер етуде.

Кәсіпорын басшысы Суй Дже облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау мен сенімге алғыс білдіріп, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→