Бүгінгі мектеп тек білім ошағы емес, ол жаңашылдықтың, ізденістің, шығармашылықтың, мәдени орынның ортасы. Соның ішінде цифрлық технологиялар мен инновациялық әдістерді меңгерген келешек мектеп оқушыға әлемдік білім кеңістігіне жол ашады. Келешек мектепте оқушылардың түрлі дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар, инфрақұрылым, зертхана, соңғы үлгідегі пәндік кабинеттер білім биігіне жетелейтін баспалдақтар.
Келешек мектептер арқылы біз қандай нәтижеге жете аламыз?! Бұл білім ордаларында төрт бірдей кең, әрі жайлы спорт зал бар. Гимнастикалық құралдар мен жеңіл атлетика жабдықтары және 100 жүз дана шаңғы, сонымен қоса көп мектепте кездесе бермейтін «Авентус» аппараты алғашқы әскери дайындық сабағында оқушыларға өмір қауіпсіздігін сақтаудағы алғышарттарға жол ашады. Бұл дегеніміз салауатты өмір салтын насихаттаған әр адамға үлкен спортқа келуіне жол көрсететін бірден – бір бағдар.
Сонымен қоса, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңба қалыптастырамын деген жандар үшін де тіпті, кей саз мектептерінің өзінде кезікпейтін дауылпаз, барабан, домбыра, фортепиано, шаңқобыз сынды аспаптың сан түрі кезігеді.
Ол аз десеңіз ғылым жолын қуып, ғалым болам деген шәкірттер үшінде сынаманың сан түрі, физикалық құрылғының алуан әлемі өзіне елітіп әкетеді
Бұл мектеп оқушылардың теория мен практиканы ұштастыруына, алған білімді функционалды тұрғыда меңгеріп, түсінуіне оң ықпалын тигізеді. Осы тұрғыда оқушыларымыз білім додасына түсіп, алғашқы жетістіктерін әкеліп, мектеп қоржынын молайтуда. Атап айтсам: жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі 5-сынып оқушысы К.Талапкалиева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ІІІ орын алса, И.Бейбіт жаратылыстану ІІ орын, 8-11 сыныптар арасындағы олимпиаданың қалалық кезеңінен математика пәні бойынша екі оқушы І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар осы олимпиадада екі ІІ орын, тоғыз ІІІ орын мектеп қанжығасына байланды. 2-7 сынып оқушылар арасындағы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеңінде «Ұлттық мұра мен заманауи технология тоғысы» тақырыбында 6-сынып оқушысы А.Қарес ІІ орын, 4 – сынып оқушысы "Пластиктің орнына биоқапшық қолдану" тақырыбында М.Қайратқызы ІІІ орын, 9-11 сынып оқушылары арасында «Апельсин-2025» байқауының қалалық кезеңінен 11 сынып оқушысы З.Базарбай ІІІ орын, «Ақ желкен-2025» байқауының қалалық кезеңінде И.Тажаяқ І орын, облыстық кезеңнен алғыс хат, математикалық регата интеллектуалдық байқауының қалалық кезеңі А.Бурумбаев ІІ орын, А.Нұрмашев ІІІ орын, «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының қалалық кезеңінен Ғабит Абдунұр І орын, Мұратқан Сұлтанбек ІІІ орын, Маркс Армат ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ «Алтын түлек» математика олимпиадасының қалалық және облыстық кезеңінен А.Бурумбаев І орын, А.Нурмашев ІІ орын, А.Дельмухамбетова ІІІ орынды жеңіп алып республикалық кезеңге екі оқушы жолдама алды.
Осыншама жетістіктің артында ұстаз еңбегінің нәтижесі көрінеді. Ұстаз мектептің жүрегі деп А.Байтұрсынұлы айтқандай ол оқушыға тек білім беріп қоймай, өмірлік бағыт бағдар көрсетуде. Мұғалімнің әрбір сөзі, әрбір ісі жас ұрпақтың болашағына салынған іргетас. Сондықтан ұстаз мәртебесі қоғамның ең биік тұғырында болуы тиіс. Мектебіміздің ұстаздары қатысқан байқау нәтижелері оқу пәндерінен авторлық бағдарламаларын құрастыру мақсатында өткен «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының калалық кезенінде география пәні мұғалімі А.Н.Зикешова ІІ орынды, педагогикалық идеялар фестивалінің қалалық кезеңінен А.М.Шадгалиева ІІ орын, Н.Н. Ғабдрахимова ІІІ орынға, республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» олимпиадасының қалалық кезеңінде бастауыш сыныптың төрт мұғалімі С.Жаксылыкова, Г.Куткожина, Ж.Имангалиева, А.Сағындықова ІІІ орын, «Үздік тандем: жастық шақ энергиясы және тәжірибе алаңы даналығы» байқауының қалалық кезеңінде ұстаздарымыз ІІ орынға ие болды.
Білім биігіне жету үшін тек ғылымды меңгеру жеткіліксіз. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, адамгершілік пен жауапкершілікті сіңіру келешек мектептің басты міндеті. Өйткені, елдің болашағы рухани бай, мәдениетті азаматтардың қолында. Осы тұрғыда мектептің тәрбие бөлімі де бірқатар жетістіктерге қол жеткізуде. Оларға мектебімізде ашылған «Жас сақшы» сыныбы, «Kinotime» жобасы, «Бақытты бала» жобалары, біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп жүрген шаралар дәлел. 11 сынып оқушысы Ұ.Амангелді «Жас дарын» байқауынан ІІІ орын, «Мемлекеттік тілім менің тілім» атты жыр мүшәйрасында А.Досхан ІІІ орын алды.
Мектеп қоғамнан бөлектене алмайды. Ол әрдайым ата – анамен, қоғаммен тығыз байланыста дамиды. Бірлескен күш-жігер ғана білімнің биік шыңына жеткізеді. Осы орайда ата-анамен, қоғаммен түрлі шаралар мектепте өтуде.
Білім биігіне жол көрсететін алтын көпір бұл келешек мектеп. Ол жас ұрпақтың арманын жүзеге асырып, елдің болашағын айқындайды. Бүгінгі мектептің әрбір қадамы ертеңгі ұрпақтың табысы. Сондықтан білім ордасын дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз.
Самал РАХМЕТУЛЛИНА
№52 ЖОББМ директоры БҚО, Орал қаласы