Берілген ақпаратқа сәйкес, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер ретінде мына аймақтар айқындалған: Ақмола облысы, Абай облысы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2025 жылға арналған қоныстандыру өңірлеріндегі қандастарды қабылдау квотасы – 2309 адам. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша аталған өңірлерге 2218 қандас көшірілген.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанатын қандастарға мемлекеттік қолдау шаралары субсидия түрінде көрсетіледі. Атап айтқанда:
- көшіп келуге – отбасының басшысына және әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК мөлшерінде (275,2 мың теңге) төлем беріледі;
- тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеуге – бір жыл бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) субсидия қарастырылған.
Жыл басынан бері түрлі қолдау шаралары 1279 қандасқа көрсетілген. Соның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге азаматтарды көшіруге қатысатын жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған институционалдық шаралар қабылданғанын атап өтті.
Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй несиесінің бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бұл сертификат бір реттік, өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі әрі тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін немесе бір отбасыға 4,56 млн теңгеге дейінгі соманы қамтиды.
Еңбек министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың саны 14 828 адамды құраған. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 162,9 мың адамға жеткен.
Ведомствоның нақтылауынша, биыл Қазақстанға келген қандастардың шығу елдері төмендегідей:
- 44,5% – Өзбекстаннан,
- 43,6% – Қытай Халық Республикасынан,
- 4,1% – Түрікменстаннан,
- 3% – Моңғолиядан,
- 2,5% – Ресейден,
- 2,3% – басқа елдерден.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша этникалық қоныс аударушылардың 57,4 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар, 34 пайызы – кәмелетке толмағандар, ал 8,6 пайызы – зейнеткерлер.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша: 15 пайызының жоғары білімі бар, 27,6 пайызы – орта арнаулы білімді, 51,1 пайызы – жалпы орта білімді, ал 6,3 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республика аумағындағы әртүрлі өңірлерге орналасқан.