Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде ЕАЭО құрамына кіретін елдердің аумағы арқылы маңызды халықаралық көлік дәліздері өтетінін атап өтті. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан шетелдік серіктестермен бірлесіп Ресейде, Қытайда, Әзербайжанда және өзге елдерде халықаралық мультимодальды логистикалық орталықтар желісін, сондай-ақ Румыния мен Венгрияда терминалдар дамытып келеді.
«Сауда ағындарын оңтайландыру және жүк тасымалдау шығындарын азайту мақсатында серіктестерімізді осы жұмысқа қосылуға шақырамыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі жағалауындағы Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамыту да кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, Каспийдің негізгі порттарындағы заманауи контейнерлік хабтар жүк тасымалы көлемінің артуына қызмет ете алады. Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті күшейту үшін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Сонымен қатар Президент әлемдік нарықта сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаратын жаңа өнеркәсіптік өндірістерді дамытуға басымдық беру қажет екенін айтты.
«Еуразиялық даму банкі аналитиктерінің есебіне сәйкес, ЕАЭО елдеріндегі өнеркәсіптік өнім өндіру мен экспорттаудың қосымша мүмкіндіктері 67 млрд долларға бағаланады. Бұл әлеует толық іске асқан жағдайда, жалпы өсім әсері 500 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Ол үшін өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, серпінді инновациялық жобаларға инвестиция салу маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.